Талдықорғанда оқушы қызға шабуыл жасады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды

Опубликовано:

күдікті
Күдікті. Видеодан кадр: t.me/taldykorganec7282

Талдықорғандық полицейлер жасөспірім қызға шабуыл жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-дағы POLISIA.KZ ресми жаңалықтар арнасы хабарлады.

Полицияның мәліметінше, 16 қарашада Талдықорған көшелерінің бірінде белгісіз адам 12 жастағы оқушыны аңдып, тиіспек болғандығы туралы хабар келіп түскен. Шабуыл сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Күдіктінің нақты белгілерінің бірі оның үстіне киген қызыл күртешесі болған.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған 38 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам Талдықорған қаласының полиция бөліміне жеткізілді", — дейді Жетісу облысты ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Құзырлы орган мәліметінше, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы (жас балаларды азғындық жолға түсіру) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ ведомство ұсталған адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілетінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997862-taldyqorganda-zasospirim-qyzga-sabuyl-zasady-degen-kudikpen-zergilikti-turgyn-ustaldy/