Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте сәбиді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

Ойнап отырған бала
Ойнап отырған бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі ауруханалардың бірінде түсірілген видео тарады. Кадрда әйелдің сәбиге қол көтерген сәті бейнеленген. Бұл жағдайға қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен полиция пікір білдірді.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, видео авторы баласына қол көтеріп, агрессия танытқан анамен бір палатада жатқан. Сол себепті ол палатада болып жатқан жағдайдың бәрін видеоға түсіруді жөн көрген.

Желіде жарияланған видеодан қолына телефон ұстаған әйелді және балалар төсегінде жылап отырған сәбиді байқауға болады. Бір кезде әйел ашуланып, баланың бетін шапалақпен салып жіберді. Соққының әсерінен бала төсекке құлайды.

Белгілі болғандай, 2021 жылы туған бала өкпесі қабынып, ауруханаға түскен. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл сәбидің ауруханаға бірінші рет келуі емес. Бұған дейін де бала жарақат алып ауруханаға түскен. Ол кезде де дәрігерлер оның өмірі үшін күні-түні күрескен.

"Бала 6 қарашадан бері емделуде. Ол өкпесі қабынып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Бүгінде жағдайы орташа, хаттама бойынша ем қабылдауда. Қазір ауруханада тексеріс жүргізілуде. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл келді. Сондай-ақ оқиғадан кейін баламен психолог жұмыс істеп жатыр", - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің Telegram-дағы POLISIA.KZ ресми жаңалықтар арнасы бұл жайтқа қатысты полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Бейнежазбада көрсетілген азаматша анықталып, одан түсініктеме алынды. Полиция қызметкерлері және білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары азаматшамен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда орын алған жайт бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997869-symkentte-balany-urgan-sat-videoga-tusip-qaldy/