Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде грант алып, кәсіп ашуда

Опубликовано:

Ақмарал Мұқанова
Ақмарал Мұқанова. Фото: Жеке мұрағаттан

Қазақстандықтар Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде түрлі өңірде грант алып, өз кәсібін ашуда.

Қазақстан үшін сирек кездесетін қызмет түрі – елордадағы подология орталығы мен Ақтөбедегі жартылай фабрикаттардың үй цехын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен және ұлттық жоба аясында өз идеяларын іске асыруға грант алған қатысушылар ашты.

"Бастау Бизнес" кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өтуге арналған. Оқуды сәтті аяқтаған жобаға қатысушылар 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 400 АЕК (1 225 200 теңге) мөлшерінде грантқа үміткер бола алады.

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқуды табысты тәмамдаған және грант алғандар қатарында астаналық Ақмарал Мұқанова бар. Тамыз айында ол "Аяқ пен тырнақ ауруларын емдеуге арналған подологиялық қызметтер орталығын кеңейту" бизнес-жобасын қорғап шықты.

Подология - бұл медицина мен косметикалық қызметтер көрініс тапқан бағыт, оны "медициналық педикюр" деп те атайды.

Подолог-мамандар теріге еніп кеткен тырнақтардың мәселелерін шешуге, зақымдалған тырнақ қабаттарын қалпына келтіруге, сүйелдер мен қатты қажалып кеткен жерлерді, "диабеттік аяқ" (қант диабетімен ауыратын науқастардың терісі мен аяқ буындарының зақымдануы) ауруын емдеуге көмектеседі.

Ақмарал Мұқанова
Ақмарал Мұқанова. Фото: Жеке мұрағаттан

"Студенттік жылдарда мен тырнақ салонында жұмыс істедім. Маникюр мен педикюр жасау кезінде тырнақ пен аяқ проблемалары бар клиенттерді көрдім. Олар ауырсынып, қиналса ұялып, білдіртпеуге тырысатын. Осындай жандарға көмектесуге деген ұмтылыс мені подологияға алып келді", - дейді Ақмарал Мұқанова.

Алғашқы білімі тұрғысында Ақмарал тамақ өндірісінің инженер-технологы мен химигі және техника ғылымдарының магистрі, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Оқу кезінде ол подологияға қызығушылық танытып, тиісті кітаптарға ден қойған, оқу курстарын іздей бастаған. Бұл қызмет түрі Қазақстанда және ТМД-ның басқа елдерінде аз дамыған, бірақ Еуропада кең таралған. Мәселен Германияда подология институты бар. Ақмарал Мұқанова осы институттың курстарын зерделеп, қазір Қазақстандағы және шетелдегі мамандандырылған орталықтарда біліктілігін арттыруды жалғастыруда.

"Менің ойымша, бұл түйткілі баршылық істе өз кәсібімді таптым. Жақсы нәтижеге жету үшін біз хирург дәрігерлермен, дерматологтармен және ортопедтермен жұмыс жасаймыз. Өз жұмысымның ауырлығы мен жауапкершілігін түсінгендіктен, биыл медициналық білім алып, колледжге түсуді шештім", - деп қосты кейіпкеріміз.

Ұлттық жоба шеңберінде грант алу үшін Skills.enbek.kz платформасында "Бастау Бизнес" жобасында кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өту қажет. Курсқа жазылу үшін жоба шарттарының сәйкестігіне тексеруден өту қажет.

Оқыту онлайн, тегін, 14 күнтізбелік күннен аспайды және бірнеше модульден тұрады. Олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша аралық тестілеу жүргізіледі. Келесі модульге қол жеткізу үшін дұрыс жауаптардың кем дегенде 70%-ын еңсерген жөн.

Курс аяқталғанда тыңдаушылар қорытынды тестілеуден өтеді. Онда да дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ын жинау қажет. Тестті сәтті тапсырғаннан кейін қатысушыларға бірегей нөмір беріле отырып, оқуды аяқтағаны туралы электрондық сертификат табысталады. Сертификат жобаға қатысушының жеке кабинетінде көрініп тұрады.

Жоғарыда келтіргеніміздей, сертификат иегерлері ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 225 200 теңге) мөлшерінде бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады.

Ережеге сәйкес грант келесі санаттарға беріледі:

- өтініш бергенге дейін үш жылдан аз уақыт дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге,

– халықтың әлеуметтік осал топтарына - АӘК алушыларға, көпбалалы немесе олардың жұбайларына жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы, қандастар, мүгедектігі бар адамдарға (еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ), жастар өкілдеріне және басқа да бірқатар санаттарға.

Гранттар бір рет тағайындалады және мақсатты пайдалану үшін беріледі – тауарлық-материалдық құндылықтарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды және бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін қажетті басқа да заттарды сатып алу. Грант қаражаты кредиттерді өтеуге, тұтыну мақсаттарына, тұрғын үй жылжымайтын мүлкін салуға, жер учаскелерін сатып алуға және акцизделетін өнім өндіруге жұмсалмауы тиіс.

Ағымдағы жылдың күзінде Ақтөбе тұрғыны Нұрбек Жеткергенұлы 400 АЕК (1 225 200 теңге) көлеміндегі гранттың иегері атанды. Оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификат алғаннан кейін ол бизнес-идеяны – жартылай фабрикаттар шығаратын үйдегі шағын цехты назарға ұсынды.

Нұрбек Жеткергенұлы комиссия алдында өз жобасын сәтті қорғап, грант иеленді. Ол қаражатты етті өңдеуге, жартылай фабрикаттарды дайындауға және сақтауға арналған қосымша жабдықтарды сатып алуға жұмсады. Үйдегі өндіріс қазірдің өзінде жұмысқа қосылып, алғашқы тұрақты клиенттер пайда болып үлгерді.

2022 жылдың басынан бері 10 ай ішінде "Бастау Бизнес" жобасына 120,9 мың қазақстандық қатысты. 21 мыңнан астам адам оқуды сәтті аяқтап, бизнес-жобаны қорғағаннан кейін өз идеяларын жүзеге асыруға грант еншіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997997-qazaqstandyqtar-kasipkerlikti-damytu-zonindegi-ulttyq-zoba-senberinde-grant-alyp-kasip-asuda/

pixel