Фрилансерлерге құлаққағыс: Қазақстанда қазіргі заманғы жұмыспен қамту түрлері қалай реттелмек
Жарияланған күні:
Уақыт озған сайын қазақстандықтар жұмыс таңдауда платформалық жұмыспен қамтуға басымдық бере бастауда. Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай қызметкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жаңа ҚР Әлеуметтік кодексіне енетін шаралар легін әзірлеуде. Бұл туралы толығырақ NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Платформалық жұмыспен қамту қазақстандықтар арасында жақында танымал бола бастады. Цифрлық технологиялардың дамуы және азаматтардың ұтқырлығының артуы арқылы қызметті таңдауда, оны көрсетушілер мен клиенттер арасындағы делдал болып табылатын әртүрлі интернет-платформалар арқылы еркін кесте мен жұмысқа басымдық берілуде. Мұндай қызмет үлгілеріне Яндекс, Uber, Wolt, Glovo, Naimi, Enrive және басқалары сияқты сервистер айқын дәлел.
Сараптамалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда түрлі интернет-платформаларда 500 мыңға жуық қазақстандық өз қызметін жүзеге асыруда және олардың саны күн сайын артып келеді.
Алайда жұмыспен қамтылғандардың бұл санаты көбінесе олардың денсаулығы мен жағдайын қорғауға, соның ішінде оларды тәуекелдерді сақтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктермен қамтылмауда.
Осыған байланысты, Министрлік платформалық жұмыспен қамтуды реттеу және интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі шараларды әзірлеуде. Шаралар Әлеуметтік кодекс жобасына енгізілді.
«Ең маңызды назар аудару керек нәрсе - мұндай жұмысшылардың әлеуметтік қамсыздандырылуы. Мысалы интернет-платформаларда жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарда зейнетақы аударымдары жоқ. Тиісінше, зейнетке шыққан кезде олар тек негізгі зейнетақы төлеміне иек арта алады. Әлеуметтік сақтандыру да жоқ. Әлеуметтік аударымдарсыз өзін жұмыспен қамтығандар мүгедектігі бойынша мемлекет кепілдік берген жәрдемақыны ғана алуға құқылы», - депі түсіндірді министрліктен.
Осылайша, Әлеуметтік кодекс қабылданғаннан кейін платформа қызметкерлері әлеуметтік төлемдерді тұрақты аударып, зейнеткерлік жасқа толған кезде тиісті зейнетақы төлемдерін, еңбек ету қабілетінен айырылған, жұмысынан айырылған, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған, бала бір жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алады. Сондай-ақ, өзін жұмыспен қамтығандар медициналық сақтандырудың қатысушылары қатарына ілігіп, бұл оларға медициналық қызметтерді пайдалануға септігін тигізеді.
«Мысалы, егер такси жүргізушісі немесе тамақ жеткізуші жол-көлік апатына түсіп, еңбекке жарамсыздыққа немесе мүгедектікке әкеп соғатындай жараланса, онда ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Автокөлік бұзылған жағдайда, тиісінше, табыс көзі тоқтағанда такси жүргізушісі жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алады», - дейді Еңбек министрлігінен.
Сонымен қатар, құзырлы мекеме жаңа шараларды енгізгенде, мобильді қосымшаны пайдалану арқылы интернет-платформаларда тіркелу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілетінін атап өтті. Тіркеуге қажетті барлық мәліметтер мемлекеттік дерекқорды біріктіру жолымен бір жүйеде қамтылады. Яғни, қызметкерлер әртүрлі ақпараттық жүйелерден деректерді жинап, қажетті құжаттарды тіркеп әуреленбейді.
Министрліктегілер аталған қадамдар интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998053-frilanserlerge-qulaqqagys-qazaqstanda-qazirgi-zamangy-zumyspen-qamtu-turleri-qalai-rettelmek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.