Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба қатысушылары виртуалды әлем мен ерекше жарнаманың жарқын әлеміне қадам жасауда

Жарияланған күні:

виртуалды әлем
Фото: pexels.com

«Бастау Бизнес» жобасы аясында қазақстандықтар кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өтіп, бизнес-жобалар жасап, өз идеяларын сәтті қорғап, оларды іске асыруға грант алуда.

Петропавлда «Бастау Бизнес» жобасының қатысушысы Мұрат Итекбаев отбасылық демалысқа арналған виртуалды әлем құруда. Ағымдағы жылдың тамыз айында ол жоба шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті, ал қыркүйекте өзінің бизнес-жобасын қорғап, идеяны іске асыруға 1,2 млн теңге көлемінде грант алды.

«Мен «Виртуалды шындық клубын» аштым. Бұл ересектерге балаларымен баруға болатын ойын орталығы. Біздің қалада ойын-сауық түрлері өте аз, әсіресе отбасылық демалыс үшін тапшы. Демалыс күндері адамдарға тек екі нәрсе бар – не үйде компьютерде отыру, не көңіл көтеру үшін белгісіз қырлары мол, тіпті өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге бару», - дейді кәсіпкер.

Марат Итекбаев білімі бойынша психолог, дипломды Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде алған. Енді кәсіби білім оған ойын орталығын ұйымдастыруға септігін тигізуде. Осылайша бос уақыт пен виртуалды шындықты сауатты ұйымдастыру отбасылардағы орнықты ахуалға, балалардың жайлы жағдайда дамуына ықпал етуде. Әрине, кішкентай қонақтар үшін ғаламтордың сан сипатты қойнауы бір күні болашақта IT мамандықтарына түсуге және VR көмегімен төл жобаларын жасауға шабыт сыйлауы ғажап емес.

«Бизнес-жоспар құрған кезде, жетімдер мен мүгедектігі бар балаларға тегін қызмет көрсететінімді бірден ойға түйдім. Сондай-ақ, жаңа жылға және балаларды қорғау күніне, ал келешекте өзге де уақытта жиірек қажетті іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Клубымда виртуалды шындық көріністері бар, балаларға арналған ойындар желісі біртіндеп кеңейе түседі», - дейді Марат Итекбаев.

Бизнес-жоспарларды дұрыс жасау, шығыстарды есептеу, пайда мен ықтимал тәуекелдерді болжау жақтарын болашақ бизнесмендер «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша курста оқиды.

Жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға қатысу үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет. Электрондық пошта мекенжайын немесе ұялы телефон нөмірін пайдаланып тіркелу мүмкіндігі қарастырылған. Талаптарға сәйкестікті тексеруден өткеннен кейін жобаға қатысушыларға оқу курсына қолжетімділік ашылады.

Онлайн оқыту бірнеше модуль түрінде ұсынылған оқу материалдарын дербес игеру арқылы жеке тәртіппен жүргізіледі. Әрбір модульдің қорытындысы бойынша аралық тестілеу жүргізіліп, онда келесі модульге қол жеткізу үшін дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ын жинау қажет.

Оқу тегін, курстың ұзақтығы – 14 күнтізбелік күннен аспайды. Ол аяқталғаннан кейін қорытынды тестілеу өткізіледі. 70%-дан астам дұрыс жауаптарды берген қатысушылар бірегей нөмірі бар, курсты аяқтау туралы электронды сертификат алады. Сертификат business.enbek.kz платформасында жеке кабинетте көрсетіледі. Оның иелері өз бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК (1 225 200 теңге) дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады.

Оқуды сәтті аяқтаған жобаға қатысушылардың бірі – Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Асылзат Күйшіғұлова. Оқуды тәмамдаған соң ол өзінің жарқын және өзгеше бизнес жобасын ұсынды. Кәсіпкер идеясында сұлулық пен үйлесім сезімін және жарнамалау дағдыларын тоғыстырды. 1,2 млн теңге көлемінде грант иеленген Асылзат аталған қаражатқа жарнама орнатқыш дайындау үшін жабдық сатып алды.

«Пилларс» деп аталатын ықшам әрі заманауи жарнама сөрелері бутиктерге кірер алдында, сауда орталықтарында, дәмханалар мен мейрамханаларда, сондай-ақ көшеде жарнамаларды орналастыруға мүмкіндік береді. Тиісті материал жарнамалық баннерлерді орналастыратын бірнеше қырлы құрылымнан тұрады. Құрылымның өзі ішкі жағынан жарықтандырылуы ықтимал. Осылайша қазіргі заманғы жарнама құралдарының бір нұсқасында сіз көптеген шығармашылық идеяларды жүзеге асыра аласыз.

«Бастау Бизнес» жобасының қатысушылары көптеген бірегей бизнес-идеяларды ұсынуда. Ағымдағы жылдың 10 айында жоба арқылы оқумен 120 мыңнан астам адам қамтылды. Бизнес-жобаларды сәтті қорғаған 21 235 қатысушысы грантқа қол жеткізді. Ең көбі Қызылорда облысында - 3397 адам. Түркістан облысында 2921 грант иегері, Жамбыл облысында – 2158, Алматы қаласында – 1570 және Алматы облысында – 1467 кәсіпкер бизнесті дамытуға грант иеленді.

Грант алуға үміткерлердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу туралы қолданыстағы сертификаты болуы қажет, тексеру сәтінде ерікті қоныс аударуға қатысушыларды қоспағанда, (оңтүстіктен солтүстікке) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мәртебесі болмауы тиіс. Сондай-ақ соңғы 12 ай ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын өз бетінше тоқтату деректері жолықпауы керек. Ең бастысы, үміткерлер Ережеде бекітілген белгілі бір санатқа сәйкес келуі қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998081-kasipkerlikti-damytu-zonindegi-ulttyq-zoba-qatysusylary-virtualdy-alem-men-erekse-zarnamanyn-zarqyn-alemine-qadam-zasauda/