Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық жігіт жанып жатқан пәтерден қарт адамды құтқарды (видео)

Опубликовано:

қарияны өрттен құтқарған жігіт
Еркебұлан Жанахметов. Фото: Алматы қалалық ТЖД

Алматының 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов өз өмірін қауіпке тігіп, өртенген үйдің ішінде қалып қойған қарт адамды құтқарды, деп хабарлайды Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 20 қараша күні таңғы сағат 05:20-да Наурызбай ауданының "Шұғыла Сити" 340/4 тұрғын үй кешеніндегі пәтерде өрт шыққаны туралы хабар түскен.

"Оқиға орнына жеткен сәтте тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтердің жиһаздары мен мүліктерінің 16 шаршы метр аумағы өртенгені анықталды. Қатты түтін салдарынан тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Газ-түтіннен қорғау қызметі пәтерлерде қалған тұрғындарды эвакуациялауға және өртті сөндіруге кірісті. Қабылданған шаралардың арқасында өрт 10 минуттан соң оқшауланып, таңғы 5:47-де толық сөндірілді", – делінген ТЖД таратқан мәліметте.

Ведомствоның хабарлауынша, өрт сөндірушілер келгенше аталған тұрғын үй кешенінің 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов өз өмірін қатерге тігіп, операциядан кейін өздігінен қозғала алмайтын қарт кісіні өрттен құтқарған.

Еркебұланның қалалық ТЖД баспасөз қызметіне айтуынша, ол бірінші қабаттағы пәтерінде отырып көмек сұраған дауыс естіген. 72 жастағы ер адам пәтерінің кіреберісіне жақындап, пәтерден шығуға тырысқан.

"Таңға қарай ұйқым келмей, терезені аштым. Сол сәтте көрші корпустан шығып жатқан өртті байқап, адамдарға көмектесу үшін сол жерге жүгірдім. Алдымен газ құбырының қақпағын жаптым. Көрші жігіт әлде куәгер сыртқы есікті таспен тіреп, кіреберістің есігін ашты.

Түтін басқан кіреберістен біреудің көмек сұраған әлсіз даусын естідім. Сыртқа шығып жігіттерге бірге кіруді сұрадым. Бірақ, ешкім бармады. Кіреберісте дем алу мүмкін емес болды. Мұрнымды кепкамен жауып, өртенген пәтерге кіріп, ол жерден қарт кісіні қауіпсіз жерге шығардым. Батыр атану мақсатым емес, тек көмектескім келді", – дейді Еркебұлан Жанахметов.

Қазіргі уақытта 72 жастағы ер адам Жедел медициналық көмек ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында. Мамандар оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін жеткізді.

"Алматы қаласы ТЖД басшылығы ТЖ министрлігіне Алматы қаласының 30 жастағы тұрғыны Жанахметов Еркебұланды марапаттауға ұсыныс енгізді", – деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998283-almatylyq-zigit-zanyp-zatqan-paterden-qart-adamdy-qutqardy/

pixel