Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көліктен түсіріп, қан-жоса етті": Шымкенттік әйел жолға таласып, өзін соққыға жыққан жігітті жазалауды сұрауда

Опубликовано:

Зорлық11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкентте қымбат маркалы көлік мінген жігіт өзіне дұрыс жол бермеген келіншекті ұрды деген күдікке ілінді. Жас жігіттен таяқ жегенін айтқан Адина Абай KAZ.NUR.KZ тілшісіне оқиғаны баяндап, бұл істің аяқсыз қалмауын сұрап отыр.

Аталған жағдай 14 қараша күні болған. Шымкенттік Адина Қадырбекқызы кешкі 17:00 шамасында көлігімен жұмыстан үйге қайтып келе жатады. Аулаға кіре берісте қымбат маркалы көлік мінген жігіт жолға таласып қалады.

"Мен оған жол бердім. Бірақ көлікпен алға жүріп барып, жол аштым. Бұл оған ұнамай қалды да, "неге артқа жүрмейсің?" деген сұрақпен тарпа бас салды. Өзім сол үйдің ауласында тұрамын. Күнде көлікпен кіріп-шығып жүрген жерім. "Көзің соқыр ма? Көрмей тұрсың ба?" - деп айғайлап, мені көлігімнен түсіріп, ұрып тастады. Бір қызығы, сол жерде оның анасы да болды. Ұлын тоқтатудың орнына, ол мені ұстап тұрды. Мені қатты қысып ұстағаны сонша, денемде саусағының іздері қалып қойды. Сол жерде үстім қан-жоса болып, мұрным бірден ісіп кетті", - дейді Адина.

Адина Абай
Адина Абай. Фото: жеке мұрағат

Зардап шегушінің айтуынша, әйел адам 40-45 жас шамасында. Ұлы 18-20 жас аралығындағы жігіт.

"Барлығын ақшамен шешкісі келеді. Сол кезде анасы қалтама ақша салып кетіпті. Ал мен мұндай әділетсіздікке шыдамаймын. Полиция қызметкерлері де әрекетсіз отыр. 102-ге екі рет хабарластым, екеуінде де менен арыз қабылдаған жоқ. Мені ұрған жігіттің де, қолымнан ұстап тұрған анасының үстінен де арыз жаздым. Полициядан қайыр болмағасын, прокуратураға шағымдандым. Олар үш күн ішінде қарайтынын айтты", - дейді ол.

Адина Абай - жалғызбасты ана. Ауруханада жатқан ол өзінің жұмыстан, қызының сабақтан қалғанын айтып, шырылдауда.

Шымкент қалалық полиция департаменті аталған жайтқа байланысты іс тіркеуге алынып, тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Аталған жайт әл-Фараби аудандық полиция басқармасына Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігімен (Денсаулыққа ауырлығы орташа қасақана зиян келтiру) тіркелді. Полиция қызметкерлері тексеру жүргізген соң күдікті азамат анықталып, жеткізілді. Қазіргі уақытта тиісті сарапматалар тағайындалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде",- дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы Адина Абайдың мұрны сынып, миы шайқалғанын хабарлады.

"Жәбірленуші Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөліміне жеткізілген. "Бас миының шайқалуы" диагнозы қойылған. Мұрны сынған. Жалпы денсаулық жағдайы тұрақты. Ем қабылдап жатыр ",- деп мәлімдеді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998326-kolikten-tusirip-qan-zosa-etti-symkenttik-aiel-zolga-talasyp-ozin-soqqyga-zyqqan-zigitti-zazalaudy-surauda/

pixel