Ақтөбе облысында қар үстіне асфальт төсеген кәсіпкер сотта жауап бермек

Опубликовано:

Ақтөбедегі ауылда қар үстіне асфальт төсеуде
Жол жөндеу жұмыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылындағы көшеге қар жауып тұрғанда жол салған кәсіпкердің басы дауға қалды. Немқұрайлық әрекеттер үшін әкімдік сотқа арыз түсірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аталған ауыл тұрғыны редакцияға көшедегі жағдайды фотоға түсіріп, хат жолдаған.

"Ауылда Кенесары хан көшесіне асфальт төселіп жатыр. Қиыршық тас әкеліп, техникалар жұмысқа кірісіп кетті. Далада қар. Бұл жолдың сапасы ертең қандай болады?", – дейді алаңдаған ауыл тұрғыны.

Мән-жайды аудандық әкімдік нақтылады. Тұрғынның жанайқайы рас болып шықты. Кәсіпкер 14,7 млн теңгеге бағаланған асфальтты қар үстіне салуды бастап кеткен. Аудан әкімдігі жол салып жатқан мердігер компания жұмысы жедел тоқтатылғанын хабарлады.

"Кенесеры хан көшесіндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарын "Damu Construction" ЖШС жүргізеді. Жоба құны – 14,7 млн теңге. Жолдың ұзындығы – 260 м. Өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жұмыстың аяқталу уақыты 2022 жылдың қыркүйек айына белгіленген. Жолдың негізі салынды.

Жоба өтпелі болғандықтан асфальт-бетон жабындысын төсеу келесі жылға жоспарланып отыр. Жұмыстардың уақытылы аяқталмауына байланысты тапсырыс беруші тарапынан тұрақсыздық айыбын өндіру мақсатында мердігер мекемеге қатысты экономикалық сотқа талап арыз жолданды",– деп хабарлады Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998428-aqtobe-oblysynda-qar-ustine-asfalt-tosegen-kasipker-sotta-zauap-bermek/