Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін: ТЖД дауылдық ескерту жариялады
Опубликовано:

Алматы маңы тауларында қар көшкіні жүру қаупі бар. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті дауылдық ескерту жариялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті таулы аймақтарда жауын-шашынның түсуіне байланысты, сондай ақ 22-25 қараша (сейсенбі- жұма) аралығында Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты қар көшкіні жүру қауіпі бар екенін хабарлайды. Осыған байланысты ТЖД таудың қарлы беткейлеріне шығуға кеңес бермейді", - делінген департамент хабарламасында.
Одан бөлек, ТЖД бірнеше кеңес ұсынған:
- Қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) немесе қатты жел туралы дауылдық ескерту жарияланған жағдайда таулы аймаққа баруды кейінге қалдырған дұрыс.
- Егер тауда болсаңыз, мұқият болыңыз және ауа-райының өзгеруін қадағалаңыз. ️Егер тау бөктерінде қардың жылжуын байқасаңыз, онда тауға шықпағаныңыз жөн - бұл қардың тұрақсыз күйде екенін, көшкін қаупі бар екенін білдіреді. ️
- Үйге қайтуды кеш қалдырмаңыз, кері бағытты таба алмауыңыз мүмкін.
- Рюкзакта мына қажетті заттар болуы тиіс: жылы киімдер,күтпеген жағдайда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы, GPS навигаторларының болуы артық болмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998512-almaty-taularynda-qar-koskini-zurui-mumkin-tzd-dauyldyq-eskertu-zariyalady/