Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үздіксіз бейәдеп сөз": Желіде БҚО-дағы аудан әкімінің жиналысынан аудиожазба тарады

Опубликовано:

Марат Тоқжанов
Марат Тоқжанов. Фото: gov.kz

БАҚ-та Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың жиналыста сөйлеген сөзінен аудиоматериал жарияланды. Жазбаның ұзақтығы - 1 сағат 20 минут, онда шенеуніктің бейәдеп сөздері жазылып қалған, деп хабарлайды Уральская неделя.

Басылым мақаланы "Бір жарым сағаттық үздіксіз бейәдеп сөз" деген атаумен жариялаған. Журналистердің атап өтуінше, аудиожазбада аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз арасында бірнеше рет бейәдеп сөздерді қолданған.

Басылымға белгілі болғандай, әкімнің аппарат қызметкерлерімен және ауыл әкімдерімен жиналысы наурыз айында ауданды су басу қаупі төнген кезде өткен.

Шенеунік қарамағындағыларды аяғына резеңке етіктің орнына туфли кигені үшін, техникаға он литр дизель отынын таба алмағаны үшін, құжаттарды мерзімінен кешіктіріп тапсырғаны үшін сөккен. Сондай-ақ ол адамдарды зейнеткерлікке шығуына санаулы күндер қалса да, жұмыстан шығарамын деп қорқытқан.

Басылым тілшілерінің байқағанындай, жиналыста бір ғана қызметкер әкімнен бейәдеп сөз айтпауды сұрауға батылы барған. Ол аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин.

Алайда Сафиуллин басылымға бұл жиналыстың есінде қалмағанын айтқан.

Ал Марат Тоқжановтың өзі сол жиналыста аузынан шыққан сөздерге мән бермегенін, оған ең бастысы тұрғындардың үйлерін су басу қаупінің бетін қайтару болғанын атап өткен.

"Мен ол уақытта ауданды жеке аралап шықтым, проблемалар жойылмағанын көрдім. Сосын барлығын жинап, жиналыс өткіздім. Иә, мен ашу үстінде дөрекі сөздер айттым, заң бойынша бұған құқығым жоқ екенін түсінемін. Менің алдымда су басу қаупінің алдын алу міндеті тұрды, дөрекі сөздер айтуға тура келді. Осы жиыннан кейін ауданда бірде-бір үйді су басқан жоқ. Сол кезде дөрекі сөйлегенім үшін барлығынан кешірім сұраймын", - дейді Бәйтерек ауданының әкімі.

Марат Тоқжанов аудиожазбаны өздері түк бітірмейтіндер таратқан деп есептейді.

"Менің ойымша, оны таратқан адамдар - маған көңілі толмайтындар. Сол кезде олар мәселені емес, өз мүдделерін ойлады. Егер үйлері су астында қалса, мен тұрғындардың көзіне қалай қарайтын едім. Сондықтан мен қолда бар барлық механизмді қолдандым. Ең бастысы, су тасқыны мәселесін шешу керек болды", - дейді шенеунік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998747-uzdiksiz-beiadep-soz-zelide-audan-akiminin-zinalysynan-zazyp-alyngan-audiozazba-tarady/

pixel