Тікелей эфирде жерге түкірген депутат өзіне салынған айыппұлды төлегенін айтты
Жарияланған күні:
Тікелей эфирде жерге түкірген депутат Ерлан Саиров өзіне салынған айыппұлды төледі. Бұл туралы депутат Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті достар! Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Әрбір азамат өзінің істегені үшін жауап беруі қажет. Мен кешегі телеарнадағы "түкірік" үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азамат тең болуы керек. Бұл – аксиома! Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз", - деп жазған Ерлан Саиров.
Депутат төленген айыппұл түбіртегінің скринін де ұсынған.
Ол 15 315 теңге көлеміндегі айыппұлды жеңілдікпен төлеген, яғни айыппұл сомасы 7 657 теңге 50 тиынды құрайды.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты басқа да азаматтар заң алдында өз жауапкершілігін сезінуі қажет екенін атап өткен.
"Әсіресе, халықтың игілігін жымқырып қойған олигархтар мен алпауыттар. Олардың жауапкершілігін біз көздеріне "шұқшитып көрсетуіміз қажет. Әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Әрқайсымыз өзгерсек, мемлекетті өзгертеміз. Мені қолданған азаматтарға көп рахмет. Мені сынға алған азаматтарға да ризашылығымды білдіремін. Біз біргеміз!", - дейді Ерлан Саиров.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты телеарнаның тікелей эфиріне қосылып, Екібастұз қаласындағы апатқа қатысты жағдайға қатысты пікір білдіріп тұрған кезде жерге түкірген.
Полиция департаменті видеоны зерттеп, жалпы пайдалану орындарын ластау фактісі бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады және депутатқа 5 АЕК (1 АЕК – 3063 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999473-tikelei-efirde-zerge-tukirgen-deputat-ozine-salyngan-aiyppuldy-tolegenin-aitty/