Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас прокуратура жеке сот орындаушыларының 1 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырғанын анықтады

Опубликовано:

ақша салынған конверт
Ақша салынған конверт. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Прокуратура органдары Жеке сот орындаушылыраның Республикалық палатасымен бірлесе отырып, жеке сот орындаушыларының қызметін тексеріп, миллиондаған қаржының жымқырылғанын анықтаған. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында хабарланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндіріп алынған ақшалай қаражатты уақтылы және толық аударуға қатысты тексеріс кезінде ақша жымқырудың 660 фактісі анықталған.

Яғни Алматы қаласы, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тексеріс нәтижесінде, жеке сот орындаушыларының 1,1 млрд теңге мөлшерінде қаржы жымқырғаны белгілі болған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл қаржы негізінен өндіріп алушылардың шоттарына аударылуы тиіс еді.

"Мәселен, елордалық жеке сот орындаушысы алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктік шотынан шешіп алған.

Ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін жеке сот орындаушысы 10 млн теңге ұстап қалған", - дейді Бас прокуратура өкілдері.

Ал Алматыда жеке сот орындаушысының бір жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктік депозитін 18 рет, жалпы сомасы 84 млн теңгеге толықтырғаны анықталған. Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.

Тағы бір сот орындаушысы өзінің депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.

Сол сияқты қарағандылық 7 жеке сот орындаушысы борышкерлердің 110 млн теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Ал тағы бір жағдайда, алматылық жеке сот орындаушысы кәмелетке толмаған, "Жанұя" балалар үйінің тәрбиеленушісіне арналған 400 мың теңгені өз мақсатына пайдаланған.

Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы екі баланың 520 мың теңге көлеміндегі алиментін жымқырып отырған.

"Бұған қоса кейбір жеке сот орындаушылары өндіріп алушылардың ақшасын басшылардың шығындарын жабу үшін пайдаланған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушысы өңірлік палата басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған. Сол сияқты олардың басқа да әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге бөлген", - дейді Бас прокуратура өкілдері.

Ведомстоның дерегінше, қаржы жымқыру және ысырап ету фактілері бойынша, бүгінде сотқа дейінгі 16 тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ қадағалау актісі бойынша 7 жеке сот орындаушысының лицензиясы алынып, 2 лицензияның жұмысы тоқтатылған, сонымен бірге 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған

Еске салсақ, бұған дейін Әділет министрлігі сот орындаушылырана қатысты арыз-шағым саны көбейгендігін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999891-bas-prokuratura-zeke-sot-oryndausylarynyn-1-mlrd-tengeden-astam-qarzy-zymqyrganyn-anyqtady/

pixel