Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұрғындардың 15 пайызы кедей тұрады": Депутат ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістерін өзгертуді ұсынды

Жарияланған күні:

ақша санап отырған әйел
Ақша санап отырған әйел. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова үкімет сағатында Қазақстанның Әлеуметтік кодексін сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үкімет отырысында мәжіліс депутаты әлі әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте ескірген, еш негізі жоқ әлеуметтік параметрлер барын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселен әлі күнге дейін тәуелсіздік алғанға дейін қолданысқан енгізілген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылуда.

"Иә, мүмкін ол жоспарлауда ыңғайлы шығар. Алайда АЕК не жалақы, не экономикаға түк қатысы жоқ. Сол себепті болашақта әлеуметтік төлемдерді бірыңғай көрсеткіштер негізінде әзірлеуді дұрыс деп санаймын. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдалану керек", - дейді Жәмилә Нұрманбетова.

Сондай-ақ депутат "әлеуметтік параметрлерді анықтаудың дұрыс әдістерінің" жоқтығын сынға алды.

"Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші шындыққа сай келмейді. Тек биылғы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы шамамен 20 пайызды құрады. Яғни зейнетақы мен жәрдемақыны есептеу үшін қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші азаматтарды дұрыс әлеуметтік төлеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан министрлікке ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдістерін жетілдіру жұмысын тез арада қолға алуға кеңес береміз", - дейді Жәмилә Нұрманбетова.

Ол сонымен бірге Қазақстан әлі күнге дейін "кедейліктен арыла алмай" келе жатқандығын да атап өтті.

Нұрманбетованың сөзінше, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанның 15 пайыз азаматтары кедей тұрады. Ал ресми деректерге сүйенсек, елдегі күнкөріс деңгейінен төмен деңгейде өмір сүретін тұрғындар саны бар-жоғы 5,1 пайызды құрайды.

"Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасын ұсынған деректерде, жағдайын тым төмен деп көрсеткен отбасылар 15 пайызды кұраған. Осындай сан қилы деректің салдарынан мемлекеттің қолдауына шын мұқтаж азаматтардың нақты санын білмей отырмыз. Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың бір шарасы атаулы әлеуметтік көмек болып отыр. Әлеуметтік кодекс жобасында көрсетілген көмектің бұл түрі, өкінішке қарай айтарлықтай оң өзгерістер әкелмеді", - дейді Жәмилә Нұрманбетова.

Осыған орай депутаттар министрлікке кедейлікті анықтаудың көп қырлы үлгісін есепке ала отырып, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру жұмысын одан ары жетілдіруге кеңес берді.

"Бастысы әрбір көмекке мұқтаж отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы тиіс. Ол үшін әр отбасымен жеке жұмыс істеу керек. Ал бұл дегеніміз, цифрлық карта ұсынған деректерге сай, шамамен 1,2 млн отбасы", - дейді Жәмилә Нұрманбетова.

Айта кетейік, келер жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы, зейнетақы, жәрдемақы мөлшері өседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000169-turgyndardyn-15-paiyzy-kedei-turady-deputat-en-tomengi-kunkoris-dengeiin-esepteu-adisterin-ozgertudi-usyndy/