Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық полицейлер екі оқушыны судан аман алып шыққан 8 жасар Дінмұхаммедті марапаттады

Жарияланған күні:

Дінмұхаммед Жаңбырбай полицияның алғыс хатымен марапатталды
Дінмұхаммед Жаңбырбай полицияның алғыс хатымен марапатталды. Фото: polisia.kz

Атырауда мұз ойылып, суға батып кете жаздаған екі жеткіншекті құтқарып қалған 8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбай полиция атынан алғыс хатпен марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық-медиа порталдың жазуынша, Дінмұхаммед Жаңбырбай Атырау қаласындағы №3 мектептің 3-сыныбында оқиды.

Бүгін оны Атырау облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев арнайы барып, департамент бастығының алғыс хатымен марапаттаған.

"Өз елінің ер-азаматы өз елінің патриоты болу керек. Жігіт жеті жасынан танылады дейді. Дінмұхаммедтің қорықпай жасаған қадамы басқа балалардың аман қалуына септігін тигізді. Жарайсың, осындай жігіттің өсіп келе жатқаны мақтаныш. Сендей ұл өсіріп отырған ата-анаңа рақмет! Әрдайым қатарластарыңа үлгі бол. Сенің батырлығыңды еліміздің барлық өңірі, тіпті көршілес елдер көріп таңғалуда. Атырауда осындай батыр бала бар екен деген сөздің өзі бізді марқайтып отыр", – дейді Ерлан Биғамбаев.

Дінмұхаммедтің отбасында өзінен бөлек әпкесі мен інісі бар. Ата-анасы ұлдарының ерлік әрекетінің бейнежазбадан көріп таңғалғандарын айтады.

Белгілі болғандай, сол күні әкесі балаларына өзенге бармау керектігін ескерткен, сол себепті Дінмұхаммед балалардың артынан ілескенімен, мұз үстіне шығып ойнамаған. Десе де, балалардың суға батып бара жатқанын көрген ол, еш ойланбастан балаларды құтқаруға кіріскен.

Еске салсақ, өткен демалыс күні Атырауда көпір жанында мұз ойылып, екі оқушы ағынды суға батып кете жаздаған болатын. Абырой болғанда оларға 8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбай көмекке келіп, судан шығуына қол ұшын созған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000224-atyraulyq-policeiler-eki-oqusyny-sudan-aman-alyp-syqqan-8-zasar-dinmuxammedti-marapattady/