Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

22 жасында 16 жас үлкен азаматтың тоқалы атанған әйел басынан қандай қиындықтар өткенін айтты

Опубликовано:

Айгүл Жүзбаева
Айгүл Жүзбаева. Скриншот: "Көреміз" бағдарламасы

22 жасында өзінен 16 жас үлкен азаматтың тоқалы атанып, он жыл бойы туған анасының түрін көруге зар болған Айгүл Жүзбаеваның оқиғасы қалың жұртшылықты алаңдатты. "Еуразия" арнасындағы "Көреміз" ток-шоуының журналистері үш балалы ананы тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Айгүлдің анасы Шыныгүл Жүзбаева осыдан он жыл бұрын 22 жастағы қызын тоқалдыққа береді. Бір қызығы, қалыңдықтың қолын ер адам емес, оның бәйбішесі сұрап келген.

"Адамның ішінде не бар екенін білмейсің ғой. Айгүл Астанада жұмыс істеп жүргенінде, бір жігітпен сөйлесті. Ол алмай кетті. Содан соң, 16 жас үлкен азамат сұрап келгенде, жақсы болып кетер деген оймен бердік. Әкесі де намыстанды. Қызым болашақ күйеуін ұнатқан жоқ. Бірақ ауылда сөз бар, басқа бар, сол адамға тұрмысқа шықты. Бәйбішесінің өзі келді. "Қанша күн өмірім қалғанын білмеймін, менің күйеуіме ер бала сыйласа екен", - деді. Содан бері Айгүл үш балалы болды. Бірақ балалары туылып, бесік апарғанымда, бәйбіше барлық баланы өзі иемденіп отырды. Одан бөлек, он жылдың ішінде қызыммен үш рет қана кездестім. Соңғы кездері телефонмен де сөйлестірмейді. Егер қызым телефон шалса, бәйбішесі қасында бәрін тыңдап тұрады. Соңғы хабарламасында шаршағанын, енді алып кетпесек, өлетінін айтты", - дейді Шыныгүл ана.

Осыдан соң, Шыныгүл Жүзбаева кіші қызымен бірге Көреміз ток-шоуына өтінім жолдап, осы бір қиын оқиғаны шешу үшін көмек сұрайды.

"Біз талай рет өзіміз телефон әпердік, оны да ұстатпай, сындырып тастады. Негізі, өзіміз Өзбекстаннан көшіп келген соң, бұл жақтың заңын көп білмедік. Талай рет алып кетуге оқталдық, бірақ бізді ауламыздағы бір тасты да алмайсыңдар деп, қуып жіберді. Мен әпкемді құлдықта жүр деп сеніммен айта аламын", - дейді сіңлісі Айнұр Жүзбаева.

Осыдан соң журналистер Айгүлдің күйеуі және оның бәйбішесімен сөйлесті. Телеарна мәліметінше, олар екінші әйелді рұқсатымен алғанын айтып, тілшілерді қуып жіберген. Сондай-ақ бағдарлама жүргізушісі Руслан Өтепбай түсірілім кезінде көптеген кедергі болғанын да жеткізді. Бірақ тілшілер мен құқыққорғау органдары бірлесе жұмыс істеп, Айгүл мен анасын араға он жыл салып кездестірген.

"Мен отбасымды сақтау үшін бәрін істедім. Күндесімнен де, күйеуімнен де таяқ жедім. Бірақ балалар үшін шыдадым. Қолыма телефон берген жоқ, қашып кетейін десем, паспортым жоқ. Тіпті, он жыл бойы мені дарбазаның арғы бетіне шығарған жоқ. Мен ата-анама ештеңе айтпадым, отбасын сақтау үшін бәріне көндім. Мен балаларымның мұғалімдерін де көрмеймін. Ешкімді танымаймын. Дәретханаға бару үшін де сұранамын. Егер жіберсе барамын, жібермесе бармаймын. Үйдің барлық жұмысы менің мойнымда. Не істесем де жақпаймын оларға. Шымкент, Жетісай түгілі, дарбазаның бергі бетіне, көшеге де шықпағанмын", - дейді Айгүл.

Осыдан соң, Айгүл анасына оралды. Алғашында үш бала бәйбіше мен күйеуінің қолында қалған. Бірақ заңды тұрғыда балалар анасына қайтарылып, Айгүлдің қасына келді. Қазіргі таңда Айгүл Жүзбаеваның өмірі толық өзгерген. Ол жұмысқа тұрып, балаларын асырап жүр. Одан бөлек, қайырымды азаматтар Айгүл мен оның үш баласына жаңа үй сатып әперді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000322-22-zasynda-16-zas-ulken-azamattyn-toqaly-atangan-aiel-basynan-qandai-qiyndyqtar-otkenin-aitty/

pixel