Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржылық мониторинг агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстады

Опубликовано:

Михаил Козачков
Михаил Козачков. Фото: facebook.com/mikhail.kozachkov

Қаржылық мониторинг агенттігі Михаил Козачковты ұстады. Ол Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деп күдіктелуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасының қаржылық мониторинг агенттігі Telegram арнасында.

Агенттік мәліметінше, Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алуы теріс қоғамдық резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің жазбасында, Козачковтың өз кезегінде құқық қорғау органдарында көп жылдық тәжірибесі бар досы Бурхан Жансейітовты ірі көлемдегі сыйақыға ҰҚТ мүшелеріне сыбайластық жасауға тартқаны айтылды.

Агенттік сонымен қатар Жансейітовтің Козачковқа Telegram арнасына модерациялауға көмектескенін, журналистің жарияланымдарының астына ҰҚТ басқа мүшелерімен бірігіп, комментарийлер орналастыру арқылы қоғамдық пікір қалыптастырғанын да мәлім етті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ол посттарға жағымсыз пікірлер қалдырған жазбаларды өшіріп, пайдаланушыларды бұғаттап отырған.

Агенттік мәліметінше, тергеу барысында Жансейтов пен Козачковтың өз қызметтір үшін ҰҚТ мүшелерінен 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденген.

Сонымен қатар агенттіктің айтуынша, кәсіпкер Әбдіғаппаровтың шешесі Жүнісбековаға тиесілі "Есентай сити" жобасындағы үлесті рейдерлік басып алу пиғылын іске асыру үшін Козачков Әбдіғаппаровтың беделін түсіретін бірқатар мақалалар жариялаған.

"Бұл ретте журналист "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң талаптарын өрескел бұзды. Өйткені кейбір жағдайларда ол көрінеу жалған мәліметтерді, сондай-ақ банктік, отбасылық және басқа да заңмен қорғалатын құпияға қатысты деректерді таратты", - деп жазды қаржылық мониторинг агенттігі.

Сонымен қатар агенттік Козачковтың жалған ақпараттар таратқанын да атап өтті.

"Ағымдағы жылдың сәуір айында кәсіпкер Абдуллаев Қоспаевтың ҰҚТ мүшесі – Шалин Руслан тарапынан шыны ыдыстар шығаратын зауытты рейдерлік басып алу фактісі туралы жұртшылыққа жүгінді, олар заңды меншік иесін басқарудан шеттетуге тырысты.

Жолға қойылған схема бойынша, ҰҚТ мүддесі үшін әрекет ете отырып, Козачков зауыт иесінің беделін түсіретін бірқатар мақалалар жариялады. Бұл ретте Алматы облысы тұрғындарының алкоголь өнімімен улануы және жәбірленушінің қасақана кісі өлтіруге қатысы бар екендігі туралы көрінеу жалған мәліметтер таратылды.

2022 жылдың шілде айының басында Қоспаевтың ҰҚТ мүшелері қаржылық мониторинг органдары олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша жедел іс-шаралар мен тергеу жүргізіп жатқанын құқық қорғау органдарындағы дереккөздері арқылы білген. Жасалған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, ҰҚТ мүшелері Танашев, Шалин, Қоспаев Айдос Козачков пен Жансейітовтың қатысуымен Елдос Қоспаевтың үйлестіруімен тергеу органының беделін түсіру және оның жұмысына кедергі жасау жоспарын іске асырды", - деп жазды агенттік.

Қаржылық мониторинг агенттігі ағымдағы жылдың 12 шілдесінде болған оқиғаның қалай болғанын түсіндіріп те берді.

"Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Алматы қаласында Жансейітов ҰҚТ белсенді мүшесі - Айдос Қоспаевқа бақылауды жүргізген жедел қызметкерлері машинасының жолын бұғаттады.

Алдын ала дайындалған сценарий бойынша адвокаттар мен Козачков оқиға орнына келді, олар қорғаушыларды жасырын бақылауды әшкерелегені туралы жалған мәліметтерді көпшілікке тарата бастады. Биллинг пен бақылау камераларын қолдану арқылы жедел машинаның сол күні немесе алдыңғы бірнеше күнде адвокаттардың жүру бағыты бойынша мүлдем қиылыспағаны сенімді түрде анықталды.

Козачков нақты деректердің бұрмалануымен байланысты жағдайды ҰҚТ мүддесі үшін қамтып қана қоймай, олардың іс-әрекеттерін сол жерде үйлестірді және Қоспаев Айдосқа бақылаудан жасырынуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде соңғысы іздеуге жарияланды. Бұрын хабарланғандай, өзінің жазасыздығын сезінген Жансейітов, заңды ашық түрде таптап, бұзақылық әрекеттер жасап, құқық қорғау органының қызметкерінің денесін қасақана жарақаттаған", - деді агенттік.

Айта кететіні, қаржылық мониторинг агенттігі қазіргі таңда тергеудің жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"Бұдан басқа, Козачковқа және басқа тұлғаларға қатысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау және тарату фактілері бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, Коспаевтың ҰҚТ мүшелерінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", - деді қаржылық мониторинг агенттігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001972-qarzylyq-monitoring-agenttigi-zurnalist-mixail-kozackovty-ustady/

pixel