Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АҚШ-та 20-40 тонналық трак жүк көліктерді тізгіндеп жүрген қазақ қыздары жайлы не білеміз (видео)

Опубликовано:

Жұлдыз Исмаилова
Жұлдыз Исмаилова трак тізгінінде. Видеодан кадр: Хабар24

Автокөлікпен жүк тасымалдау АҚШ экономикасының маңызды бөлігі саналады. Америкалықтар үшін күнделікті тұтынатын ең қажетті азық-түліктен бастап, медициналық бұйымдар, құрылыс материалдары трак жүк көліктермен жеткізіледі. Осы жауапты жұмысты кейбір қазақ қызы атқарып жүр, деп хабарлайды Хабар24.

Ұзындығы 22 метр, салмағы 20-40 тоннаға дейін жететін алып техниканы АҚШ-та тізгіндеп жүрген қазақ қыздарының бірі - Жұлдыз Исмаилова.

Ол жарты жылдан бері трактың рөлінде. Бір штаттан келесі бір қалаға құрылыс материалдары, кеме бөлшектері сияқты түрлі тауарлар тасиды.

"Трактың ішінде барлық жағдай жасалған. Тамақ ысытатын қысқа толқынды пеш, тоқ шәйнек бәрі бар. Жатын жері де осында, бізге қонақ үй алудың қажеті жоқ", - дейді Жұлдыз Исмаилова.

Жұлдыз 6 айда Американың 48 штатын көрген.

"Бұл жұмысты таңдағаным да сол, саяхаттауға мүмкіндік бар. Ауыр жұмыс болса да, табысы жақсы", - дейді ол.

Соның арқасында Жұлдыз Қазақстандағы анасы мен 3 баласына ақша жіберіп тұрады екен.

Дегенмен геосаяси жағдайлар мен мұнай бағасының құбылуы жүк тасымалдайтын компанияларға да өз әсерін тигізген. Бұрынғыдай емес, тасымал бағасы арзандап, дизель қымбаттаған.

"Жүктердің бағалары бұрынғыдай қымбат емес, арзан болып қалды. Мысалы 1 мильге 3-4 доллар алсақ, қазір 2-ден аз алмаймыз. 2 доллардан көтерілмейді", - дейді тағы бір трак жүргізуші қазақ қызы Аймеден Жүзғанова.

Аймеден де екі жылдан бері трак тізгінінде. Бірақ қыста бұл жұмыс қауіпті болғандықтан уақытша үзіліс алған. Бұрын құрбысымен кезектесіп рөлге отырса, қазір жеке жүргізеді. Оның себебі бар дейді ол.

"Серіктеспен айдаған біраз қиындау. Себебі трак 24 сағат тоқтамай жүреді. Сіз соның ішінде 11 сағат ұйықтау керексіз. Ол қиын. Машина жүріп тұрғанда сіз қалыпты ұйықтай алмайсыз. Ал жалғыз айдағанда тоқтайын жерге барып, дамылдап, қалаған жерде демалуға болады", - дейді Аймеден Жүзғанова.

Телернаның мәліметінше, трак жүргізушілері бұрын көбірек ақша табуы үшін 15-18 сағат ұйықтамай жүре беретін. Қазір талап қатаң. Міндетті түрде 8-11 сағаттан кейін демалып, тынығу керек. Арнайы құрылғымен кімнің қанша сағат рөлде отырғаны тексеріледі. Талап бұзғандарға айыппұл салынады. Ал қыздар тиянақты жұмыс істейтін көрінеді. Сондықтан бұл салада олар көбірек болуы мүмкін.

"20-30 қазақ қызы бар осында. Бәрі жап-жас бойдақ. 25-35 жастағы қыздар өте көп", - дейді Жұлдыз Исмаилова.

Телернаның дерегінше, АҚШ-та тұтыну тауарларының 70 пайыздан астамы автомагистральмен тасымалданады. Мұнда теміржол емес, жоғары қарқынды тасжол байланысы жақсы дамыған. АҚШ-тағы халық санағы бюросының мәліметі бойынша елде 3,5 млн трак жүргізушісі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002029-aqs-ta-salmagy-20-40-tonna-bolatyn-trak-zuk-kolikterin-tizgindep-zurgen-qazaq-qyzdary-zaily-ne-bilemiz-video/

pixel