Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүргізуші ұйықтап кеткен": Ақтөбелік полицейлер оқушылар мінген көліктің не себепті апатқа ұшырағанын мәлім етті

Опубликовано:

Ералы Тоғжанов жол апатынан зардап шеккен оқушылардың жақындарымен сөйлесті
Ералы Тоғжанов жол апатында зардап шеккен оқушылардың жағдайын білді. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде волейболға жарысқа шығып, жол апатына ұшыраған оқушылардың жағдайы әлі де ауыр. Жаттықтырушы екі тәуліктен бері комадан оянған жоқ. Полиция дерегінше, жүргізуші жолда ұйықтап кеткен, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе әкімдігі оқушылар зардап шеккен жол апатына қатысты брифинг өткізді. Дәрігерлер "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолында апатқа ұшыраған 10-11 жас аралығындағы балалардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта сегіз баланың бесеуіне ота жасалған.

"17 желтоқсан күні болған жол апатынан кейін жақын ауылдардан төрт жедел жәрдем және қаладан үш көлік жіберілді. Сол күні әртүрлі жарақат алған бес балаға ота жасалды. Балалардың жалпы жағдайы тұрақты ауыр. Оң нәтиже бар. Жансақтау бөліміндегі бес баланың үшеуі есін жиды. Екі бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Жағдайы жаман емес. Қалған үш бала хирургия бөлімінде жатыр.

Кеше санавиациямен Денсаулық сақтау вице-министрі, травматолог, невропотолог, анестезиолог келді. Таңғы сағат 4-ке дейін балаларды қарап шықты. Ем қалыпты жүріп жатыр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Әкімдік өкілдері қазір ауруханада балаларға қажетті барлық медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ ата-аналарына ауруханаға кіріп, жағдайды көзімен көруге рұқсат етілген.

Басқарма басшысы балалармен бірге болған жаттықтырушының да жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

"Жағдайы өте ауыр. 6, 7 омыртқасы сынған. Комадан тұрған жоқ. Аппаратура мен дәрі-дәрмек жеткілікті", - дейді Исаев.

Ауруханаға облыс әкімі Ералы Тоғжанов та келді. Өңір басшысы жансақтау бөліміндегі бес баланың жағдайымен танысты. Кейін балалардың ата-аналарымен кездесіп, зардап шеккендерге жан-жақты медициналық көмек көрсетілетінін және олардың жағдайы тәулік бойы бақылауда екенін жеткізді.

"Аурухана барлық қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Астанадан дәрігерлер келіп қарайды. Балаларды көріп шықтым. Бәрі бір Алланың қолында. Дәрігерлер қолдан келген көмектің бәрін көрсетеді" - дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Ал аурухананың есігін күзеткен ата-аналар балалардың тілеуін тілеп жүр.

Оқушылардың ата-аналары
Зардап шеккен оқушылардың туыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Полиция неге алып жүрмеген? Жол апатынан кейін балалар сағаттап далада жатқан. Жарысқа апаратын балаларды автобуспен қамтамасыз етуді сұраймыз. Әрбір мектепте көлік болу керек. Балаға ата-ана барма деп айта алмайды. Олар осы жарысқа бір апта дайындалды. Енді қазір аман қалуын тілеп тұрмыз", - дейді балалардың туысы Мұрат есімді азамат.

Осы ретте зардап шеккендердің жақындары оқиға орнынан видео түсіріп, жол жиегінде жатқан балалардың бет-әлпетін көрсетіп, әлеуметтік желіге салғандарды жазалауды сұрайды.

"Жол жиегінде жатқан балаларды видеоға түсіріп, желіге салып жіберген. Қиналып жатқан балаларды қалай түсірген? Оны қайта-қайта WhatsApp топтарына салып жатыр. Ананы қарап жүрегіміз ауырды. Полициядан балаларды түсіріп, таратқандарды тауып жазалауды сұраймыз", - дейді Бибінұр Карибаева.

Брифингте ата-аналардың осы талабына да жауап берілді.

Облыстық полиция басқармасы балаларды тиеп алған спорт мектебі қызметкерін қамауға алғанын хабарлады. Жүргізушіге қатысты үш бірдей баппен іс қозғалған. 345-бап 3-бөлігімен жүргізуші қамауға алынса, салғырттық бойынша 371-бап 2-бөлігі және балаларды тасымалдауда жауапсыздық бойынша 141-баптарымен тергеу жүруде. Жасөспірімдер мектебіне қатысты да тергеу жүретіні белгілі болды.

"Жүргізуші ішімдік ішпегені белгілі болды. Шаршаңқы болған, көзі ілініп кеткен. Балалар мінген көлік мектепке тиесілі емес, жекеменшік көлік. Аудандық спорт мектебі басшысының орынбасары көлік рөлінде болған. Видеоға түсірген адам әлі анықталған жоқ. Бірақ қылмыстық жауапқа тарту мәселесі қарастырылады", - деді ПД басшысы Ғалым Байжанов.

Полиция балаларды тасымалдау тәртібін де түсіндіріп кетті. Жолға шыққан балаларды полиция алып жүру үшін спорт мектебі үш күн бұрын өтініш беру керек екені белгілі болды. Техникалық қауіпсіздік тексеріледі. Сегіз не одан көп бала болған жағдайда шағын автобуспен тасымалдануы тиіс. Полиция бұл жерде өтініш болмағанын айтады.

Айта кетейік, 17 желтоқсан күні жол апатына түскен көлікте 11 адам болды. Оның біреу жүргізуші, жаттықтырушы және қалған тоғызы балалар. 2010 жылы туған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002093-zurgizusi-uiyqtap-ketken-aqtobelik-policeiler-oqusylar-mingen-koliktin-ne-sebepti-apatqa-usyraganyn-malim-etti/

pixel