Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық жас әртістер өткен заманның хит әндерін "Yeski Taspa" жобасы аясында жаңғыртуда

Опубликовано:

Әнші
Фото: Artjaq продюсерлік орталығы

Қазақтың ескі де есті әндерін қайта түлетіп, жас әншілердің орындауында ұсынған "Yeski Taspa" жобасы қалың тыңдарманға жол тартты. Музыкалық жоба Jusan банктің қолдауымен жүзеге асуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аты айтып тұрғандай, "Yeski Taspa" жобасы аясында қазақстандық жас әртістер өткен заманның хит әндерін жаңа аранжировка жасап, ерекше мәнерде орындап, өздерін басқа қырынан танытпақ.

"Жобаның басты мақсаты - қазақтың ескі әндеріне жастар арқылы жаңа дем беру болды. Біз бала кезімізде мағынасына қатты үңілмейтін едік. Ал өсе келе, әннің мағынасын толықтай түсініп көріп жатырмыз. Осы орайда ескі әндердің мән мағынасын жеткізуді ойладық. Сонымен қатар біз жас әртістерге жаңа аудитория жинауға, өз өнерін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік сыйлағымыз келді. Ескі әндер аға буынды, ал оның жаңа форматтағы өңделуі мен жаңаша орындалуы жас буынды қызықтырады. Осылайша екі буынның қосып, жас әртістің жаңа аудиториясына айналдыруға тырыстық. Көптеген әртіс келесі маусымына қатысуға өтініш білдіріп жатыр, демек жоба өзінің орнын алды деп ойлаймыз", - дейді жоба продюсерінің бірі Азамат Демеген.

Жобаға қатысушылар қазақтың белгілі композиторларының шығармаларына жаңа өмір беруге тырысып бағатыны сөзсіз. Олар ескі әндерге екінші өмір беріп, ешкім күтпеген жаңа нұсқасын тыңдарман назарына ұсынған.

Мысалы қазақстандық жас әнші Ray "Yeski Taspa" жобасы аясында әйгілі МузАрттың "Аңсар әнім" әнін орындайды. Айтуынша, бұл ән оның жүрегінде ностальгиялық сезімді оятқан.

"Кішкентай кезімде осындай ескі әндерді магнитофоннан тыңдайтынбыз. Бізде МузАрт тобының таспасы болатын. Бұл әнді көбінесе әкемнің көлігінде кетіп бара жатып тыңдайтынмын. Көп әннің ішінен осы ән ұнады. Бірақ бұл әнді осындай жобада айтамын деп ойлаған жоқпын. Сәті түскен соң осы әнді таңдадым", - дейді Ray.

Әнші
Фото: Artjaq продюсерлік орталығы

Жастар арасында кеңінен танылып үлгерген тағы бір әнші Еңлік тыңдармандарға "Мен деп ойла" әнін өз стилінде шырқап, ерекше көңіл-күй сыйлады.

"Бұл әнді мен ең бірінші рет Айжан Нұрмағамбетованың орындауында тыңдадым. Осы әнді мен мектепте бір байқауда айтқанмын, өзіме жақын болғаны үшін таңдадым. Менің даусыма осы ән келетін сияқты, осы әнді жақсы жеткізе алатын сияқтымын", - дейді жас әнші өз таңдауын түсіндіре келе.

Әнші
Фото: Artjaq продюсерлік орталығы

Ал Әли Оқапов бұл жобаға өзінің ішкі жан дүниесімен үйлескен әндердің бірін таңдаған. Әнші осыдан он жыл бұрын Мадина Сәдуақасованың орындауында шыққан "Айтатын саған сырым бұл" әнін басқаша әуелетіп көрген.

"Осындай жобаға қатысу туралы ұсыныс түскенде танымал немесе бір хит әндер ойға келеді. Ретро таспадан хит әндерді есіңе аласың. Бірақ "неге тек хит әндерді таңдауым керек" деген екінші ой келді. Мен сондай кішігірім қулыққа бардым. Ресми түрде ретро деп саналатын, дегенмен бүгінгі заманның тілімен, стилімен жазылған әндердің бірін таңдадым. Бұл әннің шыққанына он жылдан асып кетсе де, мен мектеп бітіргеннен кейін бір жыл бойы өз-өзімді таба алмай, көптеген сұраққа жауап іздеп, іштей күйзелісте жүрген кезде шыққан ән болды. Бұл әнді мен сол кездерде тыңдап жүрдім, маған ерекше әсер берген әндердің бірі. Нақты бір оқиға немесе тарих болмаса да, сол ән шыққан кездер менің есімде әлі сақталған. Өте жақсы туынды, ән жағынан да, бейнебаян жағынан да, әрине орындау жағынан да. Мадина Сәдуақасованың орындауындағы әндердің бәрінде ерекше бояу бар. Осындай кішігірім естелікпен бөлісемін", - дейді Әли Оқапов.

Бұдан бөлек, "Yeski Taspa" музыкалық жобасында ArShat есімді жас орындаушының таңдауы ерекше. Ол Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы композитор Ержан Серікбаевтың "Ақ кеме" әніне жаңаша сипат беріп айтып шыққан.

Әнші
Фото: Artjaq продюсерлік орталығы

"Бұл әнді үнемі әкем тыңдайтын. Жалпы, Жұбаныш Жексенұлының әндерін, оның ішінде ана туралы әндерін тыңдаған ұнайды. Бірақ дәл осы "Ақ кемені" тыңдап отырып, болашақта бір телеарнада шоу түсірілсе, осы әнді таңдаймын деп айтатынмын. Міне, сол нәрсе бұйырыпты. Бұл әнді таңдаған себебім, вокалдық қабілетімді көрсеткім келді. Сол себепті оригиналдан аса қатты өзгеріс жоқ. Шыны керек, мәтініне үңіліп көрген жоқпын, бірақ айтып жатқан кезде ішінде кішкене өкініш бар сияқты көрінеді. Маған солай сезіледі", - дейді орындаушы.

Айта кетейік, Jusan банктің қолдауымен Artjaq продюсерлік орталығы жүзеге асырған "Yeski Taspa" жобасына тағы бірнеше қазақстандық жас әртіс қатысуда. Олардың арасында Ninety one тобының әншісі Ace, Ayree, Нұржан Керменбаев сынды танымал орындаушылар да бар.

Әнші
Фото: Artjaq продюсерлік орталығы

Jusan банкі "Әрбіріңізге сенеміз, саған сенеміз" атты ұранға сәйкес, Қазақстанның креативті экономикасын, сондай-ақ жергілікті өндірушілерді және креаторларды қолдап келеді. Бренд әрқашан "Yeski Taspa" сияқты қызықты коллаборациялық жобаларға есігі ашық екенін алға тартады. Банк өкілдерінің айтуынша, "Yeski Taspa" - өткен шақ пен бүгінгі күнді байланыстырушы бірегей жоба.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002183-qazaqstandyq-zas-artister-otken-zamannyn-xit-anderin-yeski-taspa-zobasy-ayasynda-zangyrtuda/

pixel