Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалаң есеп, жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға әкелді": Смайылов ЖЭО апаты жайлы айтты

Опубликовано:

Әлихан Смайылов. Фото
Әлихан Смайылов. Фото: t.me/KZgovernment

Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі жылу электр орталықтарындағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталды, деп хабарлайды үкіметтің Telegram арнасы.

Үкімет басшысы энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің техникалық жағдайына қатысты қордаланып қалған өзекті проблемалардың бар екенін ашық айтты.

"Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылу беру маусымына сақадай саймыз, дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді.

Екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды.

Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шұғыл шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды", - деді премьер-министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов бүгінде тексерулер басталғанын, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шыққанын айтты.

"Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.

Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді", - деді үкімет басшысы.

Бұл ретте премьер-министр энергетика министрлігіне электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың І тоқсанында аяқтауды тапсырды.

"Желілердің техникалық жағдайын тексеруді жалғастыру керек. Бұл салада қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін тексеру жұмыстары сапалы әрі ешқандай бұрмалаусыз, шынайы жүруге тиіс. Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады.

Бірінші кезекте тозу деңгейі 70 пайыздан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады", - деді үкімет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002205-zalan-esep-zalgan-aqparattyn-sony-tarixta-bolmagan-soraqy-zagdaiga-akeldi-smaiylov-zeo-apaty-zaily-aitty/

pixel