"Екі жасынан үлкендерше әңгіме айта бастады": Ақтөбелік бүлдіршін желіде қалай танымал болды
Жарияланған күні:
Қазақстандықтарға Аёка есімімен танылған жеті жастағы Аяна Бауыржанованың желідегі әңгімесін тыңдаушылар көп. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген талантты қыздың анасы оның ересектерше күлдіріп сөйлейтінін екі жасында байқағанын айтады. Бүгінде Аяна киноға түсіп жүр. Оның желідегі парақшасында 205 мыңдай оқырманы бар.
Тосын сұрақ, ұтқыр жауаптарымен көзге түскен жеткіншектің анасы Орынгүл Көбейсінова сәтті кадр алу үшін ертеден кешке дейін видео түсіретінін айтады.
"Өзім түсіріп, өзім өңдеймін. Кейде күтпеген сөздер айтып қалады. Қайта айтуын сұрасаң, бастапқыдай шықпайды. Бұрын телефон үнемі қолымнан түспейтін. Кейін штатив алып, үнемі қосып қоятын болдым. Кешке бәрін қарап шығамын. Қызықты деген сөздерін кесіп, желіге жүктеймін. Көзге көрінбейтін, білінбейтін жұмыс. Бірақ бұл да еңбектенуді талап етеді",- дейді анасы Орынгүл Көбейсінова.
Аяна Бауыржанова - Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп гимназиясының 2-сынып оқушысы. Анасының айтуынша, сабақ үлгерімі жоғары, алғыр оқушылардың қатарында. Анасы Орынгүл ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, әкесі Нияз - дәнекерлеуші. Отбасындағы үш баланың ортаншысы.
"Қызымды үш жарым жасынан бастап видеоға түсіре бастадым. Тілі ерте шықты. Бір жасында сөздерді анық айтты. Екі жасында үлкендерше әңгіме айтатын болды. Бала тілі бал. Оның ересектерше күлдіріп сөйлейтінін байқап, видеоға түсіре бастадым. Ол кезде Instagram енді шығып жатқан кез. Таныс, туыстардан 900-дей ғана оқырман болды. Бірде менімен ұрысып қалған бір видеосын жүктедім. Таңертеңге дейін видеоны бірнеше мыңдаған адам қараған. Санаулы уақытта 10 мың адам жазылды. Мұндай байланысты күткен жоқпыз.
Сол кезден бастап көпшілік Аянаны сұрап, іздей бастады", - дейді Орынгүл.
Жеті жасар бүлдіршіннің Instagram парақшасында 205 мыңдай оқырманы бар. TikTok - ты бір ай бұрын ашса да, жазылушылар саны 80 мыңға жеткен. Желі жұлдызына айналған бүлдіршін жақында қазақстандық тарихи киноға түсіп үлгерді.
“Танымалдылық дегенді өзі әлі түсіне қоймайды. Мектепте "қоңыраудың кезінде басқа сыныптың оқушылары келіп суретке түсті" деп айтып келеді. Жақында Бейімбет Майлиннің "Талақ" және "Әже" деген шығармасы желісінде дайындалған киноға түсті. Режиссер TikTok арқылы тараған видеосын көріп қалып кастингке шақырды. "Ұлпа" киносында отызыншы жылдардағы ашаршылық пен кедей отбасының қиын өмірі көрсетіледі. Түсірілім аса қиындық әкелмеді. Ойын секілді жеңіл қабылдады. Кинодағы ата-анасына бірден папа-мама деп сол ортаға еніп кетті", - дейді анасы.
Жақында Аяна Астана қаласында балалар жылы аясында өткен форумға қатысып, талантты жасөспірімдер қатарынан көрінді.
"Спорт және мәдениет министрлігінен хабарласқанда қуанып қалдық. Президент марапатын алу үлкен еңбектің жемісі деп ойлаймын", - деді Аянаның анасы.
Авторы: Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002891-eki-zasynan-ulkenderse-angime-aita-bastady-aqtobelik-buldirsin-zelide-qalai-tanymal-boldy/