"Бес күннен соң ұсыныс жасады": Жетісайлық келіншек аз уақыттың ішінде қалай тұрмыс құрғанын айтты
Жарияланған күні:
Тараздық Мұстафа мен жетісайлық Әсияның махаббат хикаясы көрермендерді тәнті етті. Осыдан төрт жыл бұрын үйленген жұп қазір үш бала тәрбиелеп отыр. Ал Әсияға жұбайы танысқанына бес күн болған соң ұсыныс жасаған, деп хабарлайды АйнаLine жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жетісай тумасы Әсия Шамұратованың айтуынша, алғашында жолдасы оған мүлде ұнамаған.
"Мен Қорғаныс министрлігінде жұмыс істеймін. 2016 жылы Астанаға келіп, осы қызметке орналастым. Сол кезден бастап анам маған тұрмысқа шығу керектігін айтып, ескерте берді. "Егер тұрмысқа шықпасаң, Жетісайға қайтасың" деді. Осыдан соң анама алты айда жігіт тауып, тұрмысқа шығатынымды айтып уәде бердім. Бірде әлеуметтік желі арқылы жұбайым Мұстафамен таныстым. Телефон арқылы сөйлесіп, оны мүлде ұнатпадым. Себебі ол орысша көп сөйлейді екен. Басшылары орыстілді болса керек. Аса қатты ұнатпай, бес күн сөйлеспей жүрдік", - дейді Әсия.
Алайда бес күннен соң болашақ күйеуі қайтадан телефон шалып, Әсияға үйлену туралы ұсыныс жасаған.
"Бес күннен соң қайтадан сөйлестік, сол кезде үйленуге ұсыныс жасады. Мен келістім. Осылайша, танысқанымызға тура үш ай толған күні біздің үйлену тойымыз өтті. Қазіргі таңда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз", - дейді Әсия.
Әсия мен Мұстафа отбасылық дәстүрлерді берік ұстанатынын айтты. Олар апта сайын балаларды қыдыртып, бір-біріне сыйлық дайындап, дәмді тамақ әзірлегенді ұнатады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002940-kuieuim-bes-kunnen-son-usynys-zasady-zetisailyq-kelinsek-az-uaqyttyn-isinde-qalai-turmys-qurganyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.