Атырау облысында жол апатынан екі жолаушы көз жұмды
Жарияланған күні:
Атырау облысында екі көлік соқтығысып, салдарынан екі жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ақпаратты өңірдің полиция департаменті растады.
Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін, 2 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 11:50 шамасында болған.
"Атырау облысының аумағымен өтетін "Доссор-Бейнеу" тас жолының 147-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – Priora, екіншісі – Toyota Alphard. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Priora автокөлігіндегі 2021 және 1985 жылғы жолаушылар оқиға орнында қаза тапты", -делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті құжаттарды жинап жатқанын хабардар етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003961-atyrau-oblysynda-zol-apatynan-eki-zolausy-koz-zumdy/