Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"20 электр бағанасы құлаған": Жамбыл облысының Сарысу ауданында ТЖ режимі енгізілді

Опубликовано:

Қар құрсауында қалған тұрғындар. Фото
Қар құрсауында қалған тұрғындар. Фото: Instagram/zhambyl.gov.kz

Жамбыл облысының Сарысу ауданында қолайсыз ауа райының сақталуына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы облыстың ресми Instagram парақшасы хабарлады.

ТЖ режимін Сарысу ауданының әкімі жариялады. Белгілі болғандай, ауданның кей жерлерінде желдің жылдамдығы 30 м/с-қа дейін жеткен.

Сондай-ақ дауыл салдарынан Жаңатаста шамамен 20 электр бағанасының құлағаны анықталды. Жергілікті әкімдік бағаналарды жөндеу жұмыстарын күшті желдің беті қайтқаннан кейін бастауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар "Шахан" қосалқы станциясында тиісті қондырғының салқындауы орын алғаны белгілі болды. Бұған қоса Жаңатас қаласындағы жылу желісі жүйесіндегі суды ағызып тастау туралы шешім қабылданған.

"Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пунктері дайындалып, ыстық тамақпен қамтылуда. Жылу беру электр желілерін қалпына келтірілгеннен кейін жүзеге асырылады. Ауыз су кесте бойынша берілуде", - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде аудандық орталық ауруханада 45 адам ем алып жатыр. Сонымен бірге аурухананың 4 генераторға қосылғаны әрі жылыту құрылғыларының қосылғаны белгілі болды.

Ведомствода хабарлағандай, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары 4 қаңтар таңнан басталмақ. Оған 10 бригада жұмылдырылады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" республикалық тас жолында қозғалыс шектелгендігін хабарлаған. Қазіргі таңда Жамбыл облысы Сарысу ауданында 60 автокөлік жолда қалып қойған. Оның ішінде 300 адам (65 бала) №29 орта мектебіндегі жылыту пунктіне жеткізілген. Сол сияқты 21 тұрғын Шымкент бағытына полиция қызметкерлерінің қадағалауымен жөнелтілген.

Ал 203 адам пойызбен межелі жерге бару үшін теміржол вокзалына жеткізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004012-20-elektr-baganasy-qulagan-zambyl-oblysynyn-sarysu-audanynda-tz-rezimi-engizildi/

pixel