Елде 109 жол учаскесі жабылып, 700-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды
Жарияланған күні:
Елімізде ауа райының нашарлауына байланысты тас жолдардың 109 учаскесі жабылып, бір тәулік ішінде қар құрсауынан 700-ге жуық адам құтқарылды, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайты.
"Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, нашар көріну, көктайғақ) тас жолдардың 109 учаскесі жабылды, оның 41 республикалық және 68 облыстық маңызы бар.
Жолдарда ТЖ жою бойынша республикалық штаб құрылды, осындай штабтар өңірлерде де жұмыс істейді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, блок-бекеттерде бүгінде 600 бірлік автокөлік жиналған.
Бұдан бөлек, өткен тәулікте құтқару бөлімшелерімен 695 адамның, оның ішінде 137 баланың құтқарылып (Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Абай облыстарында), эвакуацияланғаны, 146 бірлік техника қар құрсауынан шығарылғаны белгілі болды.
"Тұрғындарды эвакуациялау үшін тас жолдардың жабық учаскелерінде 846 уақытша жылыту пункттері дайындалды, сондай-ақ 99 бірлік техника дайын тұр", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ уақытша жылыту пункттерінде 171 адамның (Жамбыл, Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында), оның ішінде 4 баланың орналасқаны анықталды.
"Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 232 СМС-хабарлама жіберілді, сондай-ақ "Дармен" мобильдік қосымшасы арқылы 94 хабарлама жіберілді.
Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1000-нан аса адам және 600-ге жуық ТЖМ, ЖАО және ІІМ техникасы жұмылдырылды. Жол қызметтері жолды тазарту жұмыстарын жалғастыруда", - деп жазылған хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004030-elde-tas-zoldardyn-109-ucaskesi-zabylyp-700-ge-zuyq-adam-qar-qursauynan-qutqaryldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.