Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзімнен өзім жиіркенемін": 13 жыл бойы құмар ойын ойнаған павлодарлық абақтыға отырды

Опубликовано:

Ой үстіндегі ер адам. Көрнекі сурет
Ой үстіндегі ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Павлодарда 32 жастағы ойынқұмар тұрғын 12 млн теңге ұрлап, барлық қаржыны ойынға тіккен. Бүгінде ер адам қамауға алынған, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, сотталушы 13 жыл бойы құмар ойын ойнап келген. Ер адамның құмар ойынға басы кеткені соншалық, ол 12 млн теңгені ұрлап, оны ойынға тіккен. Салдарынан бүкіл қаржыны ұтылып қалған. Айтуынша, полицияға ол өз еркімен берілген. Себебі ер адам құмар ойынның құрсауынан шыға алмай, қарызға белшесінен батқан.

Қазіргі таңда ер азамат жазасын өтеп, колонияда оңалту шараларын алып жатқан көрінеді. Сондай-ақ ол құмар ойынға ең алғаш ақшаны танысының кеңесімен қойғанын жеткізген. Тұрғынның сөзінше, бастапқыда ол қомақты соманы жеңіп алып, осылайша құмар ойынның жетегінде кеткен. Ер адам кейде тіпті ойынға бүкіл жалақысын қойғанын, нәтижесінде одан екі-үш есе көп сома ұтып алғанын жасырмайды.

Алайда ойыннан ұтыла бастаған кезде ол туыстарынан қарыз ақша ала бастаған. Кейін банктен өз атына ғана емес, туыстарының да атына несие алған. Ал соңғы рет тіпті өзі жұмыс істейтін микроқаржылық ұйымнан 12 млн теңгені ұрлап алып, ойынға тіккен. Алайда аталған соманы да ер адам небары үш айда жоқ қылған.

"Менде бөлімге кіре алатындай қолжетімділік болды. Кіріп, ашып, ақшаны алдым да шығып кеттім. Мен ештеңені ойламадым. Менің тіпті әйелім мен балаларым да бар. Қазір өзімнен өзім, ойынға бәс тігуден жиіркенемін", - дейді сотталушы.

Ер адам ойынқұмарлықтан барлығы 50 миллион теңгені ұтылғанын айтады. Бүгінде колонияда ол қолөнер шеберханасында жұмыс істейтін көрінеді. Ер адам ағаштан шахмат жасайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол мұнда түрмеден шыққан соң, тағы да құмар ойынның жетегінде кетпеу үшін психотерапиядан өтіп жатқанын жеткізген.

"Сотталған ойынқұмарлармен жеке жұмыста біз осы адамның нақты оқиғасын, нақты мәселесін зерттейміз. Сонымен бірге мәселенің шешімін табуға тырысамыз, бұған қоса мәселенің шығу көзін де талқылаймыз. Бұл оларға қамаудан шыққан соң, қайтадан құмар ойынмен айналыспауға мүмкіндік береді", - дейді Павлодар облысы бойынша ҚР ІІМ ҚАЖК №45 мекемесінің инспектор-психологы Алена Яроватая.

Телеарна ұсынған мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда мұнда "ойынқұмар" диагнозы бойынша стационардық емдеуде тоғыз адам бар екен. Оңалту орталықтарында негізінен есірткі мен ішімдікке, ойынға тәуелді адамдар емделеді, дейді дәрігерлер.

"Олар қомақты қаржыны ұтылып қалған кезде үйлерінде отбасылық ұрыс, жанжал болып, мұндай адамдар күйзеліске тап болады. Осы күйзелістен шығу үшін көптеген адам ішімдікке әуес бола бастайды. Өкінішке қарай, мұндай науқастар бізде көп. Аталған жайтты зерттей келе, көп жағдайда мұндай күрделі оқиғалар ойынқұмарлықтан туындайтыны анықталды", - дейді Павлодар қаласының республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибе орталығының аға дәрігері Мәди Тоқанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004359-ozimnen-ozim-ziirkenemin-13-zyl-boiy-qumar-oiyn-oinagan-pavlodarlyq-abaqtyga-otyrdy/

pixel