Жетісу облысында саябақ қызметкері сирек кездесетін жыртқыш құсты камераға түсіріп алды
Жарияланған күні:
"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағында саябақ қызметкері ең ірі жыртқыш құс – құмайды видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды саябақтың Instagram-дағы ресми парақшасы.
"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы жыртқыш құсты Іле орманшылығының телім бастығы Базарбеков Дидар Қыйбадатұлы 5 қаңтар күні кезекшілік барысында көріп қалған.
Оны Үлкен Қалқан тауында қонақтап отырған жерінде кездестірген.
"Бұл құс әдетте бірден немесе жұбымен кездеседі. Ерекшелігі – отырықшы құс. Жұбы көп жылдар бойы сақталады. Ақпан-наурыз айларында 1-2 жасылдау-ақ түсті қоңыр дақты жұмыртқа салады. Шайқау шамамен 50 күнге созылады, балапандары ұяда шілденің басына дейін қалады", – делінген хабарламада.
Саябақ мамандары құмай– Қазақстан "Қызыл кітабына" сирек кездесетін аз зерттелген түр ретінде тіркелгенін айтады. Қазақстан фаунасындағы ең ірі жыртқыш құс. Қанатын сермесе құлашы 3 метрге, ал салмағы 10 келіге дейін жетеді.
Құмай биік тауларда, қылқан жапырақты орман аймағынан жоғары, тік жарлы, жартасты массивтерде ұялайды.
Алматы облысындағы құмайдың бірден-бір белгілі шоғыры Шарын өзенінің жоғарғы ағынында орналасқан.
1989 жылы құмайдың ұясы Іле Алатауында 3 мың метр биіктікте табылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004462-zetisu-oblysynda-sayabaq-qyzmetkeri-sirek-kezdesetin-zyrtqys-qusty-videoga-tusirip-aldy/