Көкшетауда жарылған жылу желісінің ыстық суына күйіп, мерт болған 3 әйелдің өліміне қатысты тың деректер шықты
Жарияланған күні:
Көкшетауда пәтерде жылу жүйесі жарылып, үш әйел ыстық суға күйіп қайтыс болды. Куәгерлердің айтуынша, құтқарушылар тым баяу қимылдап, оқиға орнына кеш жеткен, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, қайғылы оқиға Көкшетау қаласының Василковка ықшам ауданының көпқабатты үйлерінің бірінде, қаңтардың 1-інен 2-сіне қараған түні болған. Белгілі болғандай, пәтерде жылу жүйесі жарылып, үйдің ішін ыстық су басқан. Салдарынан ондағы үш әйел - пәтер иесі мен оның екі құрбысы ыстық суға күйіп, қайтыс болған.
Сондай-ақ телеарна тілшілері қайнаған су алдымен пәтерді басып, кейін баспалдақ алаңына да аққанын айтады. Осылайша, мұны көрген үй тұрғындары дереу құтқарушыларды шақырған. Алайда куәгерлер құтқару қызметінің тым баяу қимылдағанын атап өтті.
"Біз "109-ға" хабарластық. Олар бізге слесарьге, кейін тағы басқаға хабарласыңыздар деді. Біз шамамен таңғы 4-5-терге дейін олар берген нөмірлерге хабарласумен болдық. Сосын учаскелік полицейге де қоңырау шалдық.
Ал түнгі 2-лерде есік, терезелерді де қақтық. Негізі есік тек таңғы 5-терде, тек құтқарушылар келген соң ғана ашылды. Өзіміз есікке толығымен жолай алмадық, себебі қайнаған су ағып жатты", – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Мамандардың сөзінше бүгінгі таңда қайғылы оқиғаның орын алу себептері анықталып жатқан көрінеді. Дегенмен сарапшылардың нақты қорытындысы тек бір айдан соң ғана белгілі болады, дейді олар.
"Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Медициналық куәландырудың алғашқы қорытындысына сәйкес, әйелдердің өліміне күйіктен алған шок себеп болған. Сондай-ақ сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнара Пинчук.
Жалпы жаңа жылдық мерекеде өңірде 25 апат мен 10 өрт болған. Полицейлер мен құтқарушылар жергілікті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004493-koksetauda-zarylgan-zylu-zelisinin-ystyq-suyna-kuiip-mert-bolgan-us-aieldin-olimine-qatysty-tyn-derekter-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.