Ақмола облысында досына көмекке шығып, жоғалып кеткен бозбала іздестірілуде
Жарияланған күні:
Щучинск қаласының полицейлер 7 қаңтар күні түнде үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен 16 жастағы бозбаланы іздестіруде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2007 жылы туған Щучинск қаласының тұрғыны Руслан Зарубин 7 қаңтарда түнгі сағат 2:20 шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
8 қаңтар күні жасөспірімнің анасы полицияға арызданған. Анасының айтуынша, баласы қарға кептеліп қалған досының көлігін итеріп шығаруға көмектесу үшін кеткен, бірақ досының атын атамаған.
Түн ішінде үйден кеткен Руслан телефонмен сөйлескенде жақын арада келетінін айтқанымен, кейін онымен байланысу мүмкін болмаған. Бозбаланың телефоны өшіп тұрған.
Руслан Зарубин белгілері: көзінің түсі жасыл, бойы шамамен 155-160 см. Үйден шығарда басында сұр түсті тоқылған бас киім, үстінде қара-көк түсті күрте, қара спорттық шалбар, аяғында қоңыр түсті қысқы кроссовки болған. Өзімен ұялы телефонын алып кеткен.
"Руслан Зарубиннің жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет білетін жандар болса, 102 нөміріне хабарласуын сұраймыз", – деп қосты Ақмола облысы полиция департаментінен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004640-aqmola-oblysynda-16-zastagy-zigit-dosyna-komekke-sygyp-zogalyp-ketti/