Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қаражат көлеңкелі айналымға кеткен": Прокурор Төребаев пен Шерниязовқа қатысты айыптау актісін оқыды

Жарияланған күні:

Мейіржан Төребаев
Мейіржан Төребаев. Фото: instagram.com/meirzhach_tv

Алматыда қаржы пирамидасына қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бүгін прокурор Ерлан Құланбаев айыптау қорытындысын оқып, вайнерлер Төребаев пен Шерниязовтың қаржы пирамидасындағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Прокурордың айтуынша, сотталушы Құрманғалиев қылмыстық жоспар құрып, оған туысы Мансұровты тартқан. Осылайша Astex ЖШС құрылған. Салымшыларға айына 20 пайыз, яғни жылына 240 пайыз пайда уәде етілген. Алайда, прокурордың атап өтуінше, қаржы пирамидасын құрушылар салымшыларға уәде етілген пайызды төлей алмайтынын білген.

"Құрманғалиев пайда табу үшін салымшылардың санын ұдайы көбейту керегін түсінген. Қаржы пирамидасының халық арасында сұранысқа ие болатынын білген ол өз таныстарын қаржылай пайдаға қызықтыру арқылы жоспарына қосқан. Пайданың бір бөлігін бұрынғы салымшыларға беріп, азаматтарды адастырған", - дейді прокурор.

Сонымен қатар салымшыларға жаңа тұлғаларды тарту үшін бонустар берілген. Оларға ақшаны тендерлік жобаларға саламыз деп уәде беріп, ойлап тапқан тендерлердің болашақ болжамдары да ұсынылған. Мәселен, прокурордың айтуынша, 2 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.

Кейінірек басқа ЖШС құруға әрекет етілген, басқа да тұлғалар - Бурканов, Ча, Касенов, Саидбаев, Шерниязов және т.б. тартылған.

"Ұсынылған әрекеттердің заңсыздығын түсінсе де бұл тұлғалар қаржылық пирамидаға қатысуға келісім берді. Олар персоналды басқару, ойдан шығарылған келісімшарттарды дайындау және орындау, әлеуетті салымшылармен кездесу, қаржылық пирамиданы жарнамалау, қаржы пирамидасын тарату және қаржы пирамидасын кеңейту рөлін атқарды", - дейді мемлекеттік айыптаушы.

"Mudarabah Capital" атты жаңа ЖШС құрылды. Жарғылық капиталдағы үлестер анықталып, кеңсе жалға алынды. Компания салымшылардан ақша жинау құралы ретінде пайдаланылды. "Mudarabah Capital" және "Astex" арасында келісімге қол қойылды, бұл "Mudarabah Capital-дың" "Astex" құрылымдық бөлімі болғанын көрсетеді. Бұрқанов "Mudarabah Capital" директоры болып, құрылтайшы атанды.

"2020 жылдың қыркүйегінде Саидбаев, Шерниязов және басқалары қаржылық пирамиданы елге таныту үшін әлеуметтік желіде 1 млн-нан астам оқырманы бар Төребаевқа жүгінді. Оған сыйақы уәде етілді және өз жоспарларын айтты. Төребаев келіп түскен ұсыныстың заңсыздығын түсіне отыра, пирамида құлаған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кете алатынына сенімді болып, ұйымдасқан қылмыстық топқа қосылған", - дейді прокурор.

Төребаевты, прокурордың айтуынша, құрылтайшылар қатарына қосған. Олардың әрқайсысының жарғылық капиталға қатысу үлесі іс жүзінде тең болған. Мәселен, прокурордың нұсқасы бойынша, Төребаевтың үлесі 11 пайызды құраған. Мемлекеттік айыптаушы сонымен қатар вайнер "адамдарды салымшы болуға ынталандыруға бағытталған мәлімдемелер бар" видео жариялағанын айтады. Кең көлемде жарнамалық науқан жүргізіліп, түскен қаражат көлеңкелі айналымға жіберіліп, үлеске бөлінген.

Прокурордың айтуынша, құрылтайшыларға дивиденд ретінде шамамен 110 млн теңге төленген. 44 млн теңгеден астамы қызметкерлердің жалақысы, сыйақысы ретінде берілген.

Айыптау актісін оқу бір сағаттан астам уақытқа созылған, одан кейін судья сотталушылардың тағылған айыппен келісу-келіспеуі жайлы, кінәні мойындайтын-мойындамайтыны туралы пікірін тыңдады.

Айыпталушылардың көпшілігі кінәсін мойындамаған, кейбірі жартылай ғана мойындаған.

Құрманғалиев өз кінәсін ішінара мойындамайтынын, бірақ компанияны тіркегенін мойындайтынын айтты. Бұрқанов өз әрекетінде арам ниет бар екенімен келіспейтінін атап өтті.

Шерниязов өз кінәсін мойындамайтынын айтты.

"Олардың мені не үшін айыптауға тырысып жатқанын түсіндім, бірақ айыптау қорытындысының мазмұны менің қылмстық әрекетімнің сипаттамасымен сәйкес келмейді және дәлелдің қайдан алынғаны туралы мәлімет жоқ", - дейді ол.

Төребаев та өз кінәсін мойындамады.

Іс бойынша жәбірленушілерден, куәгерлерден, сондай-ақ сотталушылардан жауап алынады деп күтілуде. Сот отырысы бүгін, 9 қаңтарда жалғасады деп жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004652-tusken-qarazat-kolenkeli-ainalymga-ketken-prokuror-torebaev-pen-serniyazovqa-qatysty-aiyptau-aktisin-oqydy/