Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан туризм үшін қолайлы үздік елдер рейтингісінде көш соңында қалды

Опубликовано:

Табиғат аясындағы турист
Табиғат аясындағы турист. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда туризм саласы карантиндік шектеулерден кейін қайта жандана бастады. Десе де, еліміз туризм үшін қолайлы үздік елдер рейтингісінде көш соңында қалып отыр, деп хабарлайды EnergyProm.

Басылым ұсынған мәліметтерге сәйкес, U.S. News әзірлеген туризм үшін қолайлы елдер рейтингісінде Қазақстан әлемнің 85 елінің арасында 84-орынды иеленген.

Қазақстан бұл тізімде көш соңында Иранмен қатар тұр. Аталған рейтингте Қазақстан Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей сияқты елдерден ғана емес, Замбия, Ливан, Мьянма және т. б. мемлекеттерден де артта қалған.

"Беделді басылым құрастырған рейтинг бұл саладағы жағдайды айқын көрсетеді", - дейді басылым сарапшылары.

Басылым мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға сырттан келген туристер саны 3,4 млн адамды құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есеге көп.

Алайда елге сырттан келгендер санының айтарлықтай артуы мемлекеттегі туристік кластердің жақсаруымен байланысты емес, дейді сарапшылар.

Олардың айтуынша, Қазақстанға шетелген келген туристер санының артуын екі фактормен байланыстыруға болады. Біріншіден, бұл коронавирустық пандемиямен байланысты жағдайдың жақсаруы және карантиндік шектеулердің барлық түрінің алып тасталуы. Екіншіден, мұндай айтарлықтай өсімге Ресейдегі мобилизация және жалпы Украинадағы соғыс себеп болған.

Сарапшылардың дерегінше, негізінен Қазақстанға сырттан келетін туристерден гөрі шетелде демалатын қазақстандықтар саны әлдеқайда көп. Мәселен, 2022 жылдың тоғыз айында 5,6 млн қазақстандық басқа елдерге демалуға барған, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артық.

Сарапшылар елдегі ішкі туризм (яғни Қазақстан аумағында) көрсеткішінің артқанын да байқауға болатыны айтады: мысалы бір жылда бұл көрсеткіш 25,1 пайызға артып, 4,9 млн адамға жеткен.

Басылым сарапшылары жалпы, Қазақстандағы туризм саласын дамытуда әлі де кемшіліктер барын, бұған қоса қабылданған көптеген шараға қарамастан, жағдай өзгермей әлі сол мүшкіл күйде екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005638-qazaqstan-turizm-usin-qolaily-uzdik-elder-reitingisinde-kos-sonynda-qaldy/

pixel