Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда сот полиция қызметкерлеріне қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау ісі бойынша үкім шығарды

Опубликовано:

сот залы
Сот залы. Көрнекі фото: Рixabay.com

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында азаптау фактісі бойынша үш полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Олардың екеуі азаптау, ал үшіншісі әрекетсіздік үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Алматы қаласы сотының Facebook парақшасы хабарлады.

Сот былтыр қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде автокөлікті заңсыз иемденді деген күдіктінің полиция бөлімшесіне жеткізілгенін анықтады.

Онда екі полиция қызметкері күдіктіні тәртіпсіздіктерге қатысты деп есептеп, зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатымен оған физикалық қысым көрсетіп, күш қолданып, азаптаған.

Сотта хабарлағандай, аталмыш әрекеттер үшін қылмыстық кодексте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Сондай-ақ үш полиция қызметкері қылмыстық құқықбұзушылық жасағанын басшылықтан жасырған.

Қылмыстық кодексте құқық қорғау органының қызметкері бола отырып, қызметте әрекетсіздік жасағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сот сотталушының біріне жаза тағайындау кезінде мүліктік залалды және моральдық зиянды ерікті түрде өтеуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ал төтенше жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық жасауын және оның берген антын бұзуын жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде таныды.

Екінші сотталушыға жаза тағайындау кезінде жас балаларының болуын, мүліктік залал мен моральдық зиянды өтеуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырса, төтенше жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны және оның берген антын бұзған әрекеттерін жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескерді.

Үшінші сотталушыға жаза тағайындау кезінде төтенше жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны және антын бұзған әрекеттерін жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде таныды.

"Сот үкімімен екі сотталушы Қылмыстық кодекстің 1-тармағының 146-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығы шектеле отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үшінші сотталушы ҚК-нің 370-бабының 2-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", — деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005702-almatyda-qantar-oqigasynda-ustalgandy-azaptagan-us-policeige-sot-ukimi-syqty/

pixel