"Адамға үйренеді екен": батысқазақстандық орманшы көлде жалғыз қалған аққуды үйінде бағып отыр (фото, видео)
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысының шекарасында Қарағаш орман шаруашылығы орналасқан. Осында 13 жылдан бері орманшы болып қызмет атқаратын Махамбет Рахмаденұлы жылы жаққа ұша алмай қалған аққуды үйіне әкеліп бағып отыр, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Махамбет Құсайынов – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылының тұрғыны. Өмірін жан-жануар мен табиғатты қорғаумен байланыстырған ол күн сайын жиырма шақты шақырымды жаяу жүріп, Қарағаш орманының өзі жауапты бөлігін қадағалайды. Қорғауында орманнан бөлек оны мекен еткен елік, қабан, қасқыр, түлкі, қоян сияқты жануарлар мен шіл құсы бар.
"Егіндікөл ауылының іргесінен бұлақ ағады. Оның көлге құятын тұсы қыста қатпайды. Сол жерде жүрген жалғыз аққуды көріп, сырттай бақыладым. Қаңтардың 13-14-і күндері ауа температурасы -30 градусқа жеткен болатын. Сол күндері қанаты мен құйрығына мұз қатқан байғұс құс аянышты халге жеткен. Көтеріп үйге алып келдім. Жылы жерге кіргізіп, мұзын еріткенде топшысына зақым келгенін, қанатында аздаған жарақатын көрдім", - дейді орманшы.
Айтуынша, алғашқы бір-екі күн аққу жем жемеген. Махамбет Рахмаденұлы бастапқыда кебекті, уатылған бидайды суға шылап беріп жүрген. Орманшы бұрындары қаз асырағандықтан сол тәжірибесі пайдаға асқанын айтады.
Аққу - расында да қазтәрізділер отрядына жататын құс. Барлық құс жылы жаққа ұшқанда аққулар Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Ақтау қаласының маңында қыстап шығады. Суыққа төзімділігінің арқасында 8 мың метр биікте ұша алады. Бұл – құстар арасында ең жоғары көрсеткіш. Орманшы сол қасиетінің арқасында да бұл аққу аязға шыдап, тірі қалған болуы керек деп топшылайды.
"Қазір құстың жағдайы түзелді. Күн сайын сыртқа шығарып тұрамын, күннің шуағында отырады. Қанатын қағып не жүгіріп қашуға әрекет жасап көрген жоқ. Бір қорада жалғыз өзін бағып отырмыз. Итті көрсе, айбат шегеді. Адамға үйренді", - дейді Махамбет Рахмаденұлы.
Орманшы құсты алғаш үйіне әкелген күні облыс орталығындағы экологтарға хабарласқанын да атап өтті. Ол арнайы құсты қабылдайтын орындар болса тапсырайын деп ойлаған.
Экологтар жауапты мекеме іздеп жүргенде аққу күтімсіз қалатынын айтып, орманшының үйінде қалғаны дұрыс деген шешімге келген. Махамбет Рахмаденұлы аққулар көктемде қайтып келгенде қатарына апарып қосамын деп отыр.
Сондай-ақ ол Орал қаласындағы экобелсенділер аққуға азық жеткізіп, көмектесетіндерін де айта кетті.
Айта кетейік, қазақ халқы аққуды құстың төресі деп ешқашан оқ атпаған. Жұбына адалдығын ерекше қастерлеп махаббаттың символына балап, бұл құсты пәктіктің, сұлулықтың белгісі санап келеді.
Авторы: Нұрлыбек Нұрланұлы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006669-adamga-uirenedi-eken-batysqazaqstandyq-ormansy-kolde-zalgyz-qalgan-aqqudy-uiinde-bagyp-otyr-foto-video/