Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәрігерлер "анасын танымай қалған" Ұлттық ұлан сарбазының жағдайы туралы айтты

Опубликовано:

Кітап оқып отырған әскер
Әскер. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ұлттық ұланның Астанадағы №5573 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қостанайлық қатардағы жауынгер 23 қаңтар күні кешкі астан кейін есінен танып, ауруханаға түскен. Анасының айтуынша, қазір ұлы есін жоғалтып, өзін танымай қалған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Сарбаздың анасы қостанайлық Дина Жүсіпова КТК арнасына берген сұхбатында баласын әскерге сап-сау жібергенін алға тартады.

"Сонда да мені танымайды. Маған сенбейді. Маған ашылып сөйлемейді. Томаға-тұйық болып қалған. Баламды бұрынғы қалпынша маған қайтарсын деп шағым түсіргім келеді. Мен баламды ауруханаға жатсын деп емес, әскери борышын өтесін деп жібергем. Ол енді мүгедек болып қалады, өйткені есін білмейді", - дейді әйел.

Бұл жағдайға қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі пікір білдірді.

"2023 жылғы 22 қаңтарда сағат 20.50 шамасында кешкі астан кейін 2022 жылдың желтоқсанында Қостанай облысынан шақырылған мерзімді әскери қызметші Әмірбеков Е. рота орналасқан жерге кетіп бара жатып есінен танды. Оған жақын маңда жүрген әріптестері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, болған жағдайды дереу әскери бөлімнің кезекші фельдшері мен лазарет дәрігеріне хабарлаған. Оны тексергеннен кейін кезекші дәрігер жедел жәрдем бригадасын шақыртқан. Қатардағы жауынгер Әмірбеков № 2 қалалық ауруханаға жатқызылды, бақылауда", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Хабарламада сонымен қатар әскери бөлімнің қолбасшылығы бұл деректің мән-жайын анықтап, қызметтік тексеру жүргізетіні айтылған. Болған жайт әскери тергеу органдарына хабарланған.

Сондай-ақ портал тілшісі Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан сарбаздың денсаулығы туралы сұрап білді.

"22 қаңтарда қалалық ауруханаға әскери бөлімнен жедел жәрдем көлігімен 2001 жылы туған науқас жеткізілді. Қабылдау бөлімінде науқасты кезекші невропатолог қарап, инсульт орталығының бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсарды, оны психиатр да қарап шықты. Науқасқа емдеу және тексеру толық көлемде жүргізілуде", - деп жауап берді қалалық басқарманың баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006690-darigerler-anasyn-tanymai-qalgan-ulttyq-ulan-sarbazynyn-zagdaiy-turaly-aitty/

pixel