Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына қатысқан 18 адам сотта соңғы сөзін айтты
Жарияланған күні:
Бүгін, 25 қаңтарда Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қаңтар оқиғасына қатысқандардың соңғы сөзін тыңдады. Сот үкімі 1 ақпанда оқылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген 18 ақтөбеліктің бесеуі қазіргі таңда тергеу изоляторында қамауда, қалғаны үйқамақта отыр.
Оларға "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушылар соңғы сөзін айтып, өздерін бас бостандығынан және отбасын асырау мүмкіндігінен айырмауды сұрады.
"Алаңға жаман оймен шықпадым. Ешкімге зиян тигізбедім. Мен өз қаламды сүйемін. Отбасының жалғыз асыраушысымын. Мені және айыпталып жатқан басқа да азаматтарды қатаң жазаламауды сұраймын", - дейді айыпталушылардың бірі.
18 адамның ішінде Қылмыстық кодекстің 380-1 бабы 2-бөлігі және 272-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылған азамат өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
"Мен осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқпын. Өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Сол күні көліктің рөліне отырғаным рас. Әкімдіктің алдында адамдарды көлікпен қағып кеткеніме, оның ішінде полиция қызметкері жеңіл жарақат алған оқиға үшін өкінемін. Әдейі жасаған жоқпын. Мен соттан толық ақтауды емес, әділ шешім шығаруды сұраймын. 380-1 баптың 2-бөлігі бойынша қылмыс жасамадым, осыны ескеруді сұраймын", - дейді ол.
18 адамның соңғы сөзін тыңдап болған сот кеңесуге кетті. Айта кетейік, істе 34 жәбірленуші бар. Жәбірленушілердің дені күштік құрылым өкілдері.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006704-aqtobede-qantar-oqigasyna-qatysqan-18-adam-sotta-songy-sozin-aitty/