Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда терроризм туралы жалған ақпарат бергендерге жаза күшейтілмек

Опубликовано:

Телефон
Ұялы телефон. Көрнекі фото: Рxhere.com

Еліміздің Бас прокуратурасы жалған терроризм үшін жауапкершілікті күшейту жоспарын жариялады. Ведомство бұл құқық бұзушылыққа қарсы тұру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Бас прокуратура ресми сайтында.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы терроризм актілері бойынша жалған хабарламалар саны артқан. Яғни Қылмыстық кодекстің 273-бабымен 181 қылмыстық іс қозғалған және 25 адам сотталған.

"Әдетте, аталған фактілерді тексеру көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары барады. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режімі бұзылады.

Бұл күш пен құралдардың айтарлықтай ауытқуына әкеледі, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, террорлық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін", – дейді ведомство өкілдері.

Құқық қорғау және арнайы органдар осындай анонимді хабарламалардың авторларын анықтау бойынша шаралар қабылдайды.

Бас прокуратура жалған терроризм жайлы хабар таратушылар тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет ететінін хабарлады.

Осы орайда, жедел өзара іс-қимыл мақсатында шет мемлекеттер мен интернет-кеңістіктегі анонимді хабарламалардың авторларына қатысты деректер алмасу бойынша Қазақстан Бас прокуратурасының үйлестірумен Будапешт конвенциясына ("Компьютерлік қылмыстар туралы") қосылуға жұмыс жүргізілуде.

"Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін "ауыр" санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселені пысықтауда", – делінген ведомствоның хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006727-qazaqstanda-zalgan-terrorizmge-qatysty-zazany-kuseitilui-mumkin/

pixel