Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"107 күн бойы өмірі үшін күрескен": Алматы дәрігерлері 510 грамм салмақпен шала туған сәбиді аман алып қалды

Опубликовано:

Нәресте
Нәресте. Көрнекі фото: Рexels.com

Алматы дәрігерлері 510 грамм салмақпен өмірге келген нәрестені аман алып қалды. Сәби анасымен бірге бүгін қаладағы перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығынан үйіне шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәресте былтыр 11 қазанда, анасының жүктілігінің 25 аптасында өмірге келген.

Шала туған нәресте бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Медицина қызметкерлері 107 күн бойы нәрестенің өмірі үшін күрескен.

Дәрігер неонатолог-реаниматолог Анель Бейсееваның айтуынша, сәби 30 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан және қажетті барлық медициналық көмектер жүргізілген соң ғана өкпені инвазивті емес желдетуге ауыстырылған.

Сәби тек 38-ші күні өз бетінше дем ала бастаған.

"Бала анасымен бірге "қырық күн" мерекесін осында атап өтті. Біз "қырқынан шығару" рәсімін өткіздік, баланы жуындырдық, тырнағын, шашын алдық, жалпы осы рәсімдегі барлық іс-әрекеттерді жасадық", – дейді Анель Бейсеева.

42-ші күні нәресте қарқынды терапия палатасына ауыстырылған.

"Барлық қажетті терапиядан соң жағдайы тұрақтанды. Бала шала туғандықтан ретинопатиясы бар екені белгілі болды. Офтальмолог көру қабілетін түзету операциясын жасады, ол сәтті өтті. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты, өз бетінше емеді, салмақ қосып жатыр. Қазіргі салмағы – 2710 грамм", - дейді бөлімшенің емдеуші дәрігері Гүлмира Желдібаева.

Өз кезегінде сәбидің анасы бүкіл медицина қызметкерлеріне алғысын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006951-107-kun-boiy-omiri-usin-kuresken-almaty-darigerleri-510-gramm-salmaqpen-sala-tugan-sabidi-aman-alyp-qaldy/

pixel