Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ене ешқашан келінге қызындай қарамайды": Оңтүстікке келін болған ақмолалық қыз өз хикаясын баяндады

Жарияланған күні:

Айгүл Төребаева эфирде
Айгүл Төребаева. Скриншот: "Хабар" арнасы

Ақмола облысының тумасы Айгүл Төребаева еліміздің оңтүстік өңіріне келін болып түскен. "Хабар" арнасындағы Айнаline жобасында қонақ болған ол қазіргі жас келіндер мен енелер арасындағы мәселеге қатысты өз ұстанымын бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Айгүл еліміздің солтүстігінен салт-дәстүрі мүлде басқа оңтүстік өңірге келін болып, қадам аттаған. Бүгінде ол жарымен бірге кішкентай қыз бала тәрбиелеп отыр.

"Біз қазір ата-енемізден бөлек, Астана қаласында тұрамыз. Бұл - үлкендердің шешімі. Келін болып түскен соң енем бірден ашып айтты. "Жастар ауылда не істейді? Қалаға барыңдар, жұмыс істеңдер, өсіп-өніңдер", - деді. Мұндай шешім қабылдауға баланың позициясы да әсер етеді. Мысалы, ата-енемнің қолында қайын ағам мен жеңгем тұрады. Біз үйдің кенжесіміз. Десе де, үлкендерге жеңгем мен ағаммен тұрған ыңғайлы. Жеңгем де үйдің жұмысын дөңгелетіп әкетеді, көңілі кең, үй тіршілігіне жақсы. Сондықтан бізге өз батасын берді", - дейді Айгүл.

Айгүл Төребаеваның келіндік қызметке кіріскеніне бес жыл болған. Ол оңтүстік өңірдің жігітіне тұрмысқа шығатынын білген соң, ғаламтор арқылы салт-дәстүрлерді зерттей бастайды.

"Жолдасыммен сөйлесіп жүргенде салт-дәстүрлер туралы сұрастырып, зерттей бастадым. Келін боп барғанда аспаннан түскендей боп отырмай, біліп барғанды жөн көрдім. Өзімнің жұртымда орамал тағу деген жоқ. Бірақ оңтүстікте орамал тағып, сәлем салып, таңертең шай беру керектігін жақсы біліп бардым. Анам да айтып отырды. Осылайша, келін боп түскен жерімнің салтынан хабардар болдым", - дейді жас келін.

Сондай-ақ Айгүл ененің келінге қызындай қарамайтынын айтады.

"Меніңше, ене ешқашан келінге қызындай қарай алмайды. Себебі біз, қазіргі жастар, еркіндік позициясын ұстанамыз. Ене мен келін арасы еркін болсын деп, киер киімге, сөйлер сөзге қарамай кетуіміз мүмкін. Сондай кезде енелер барлығын дұрыстап түсіндіріп, ұрыспай айту керек деп ойлаймын. Өйткені келін үшін ең бірінші үлгі болатын адам - ене. Келген келін ең алдымен енеден үлгі алады. Ақылды ене баласының таңдаған жарына үлкен махаббатпен қараайды деп есептеймін", - дейді Айгүл Төребаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007212-ene-esqasan-kelinge-qyzyndai-qaramaidy-ontustikke-kelin-bolgan-aqmolalyq-qyz-oz-xikayasyn-bayandady/