Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балам зиян шегіп жатыр": мектептегі төбелеске қатысы бар оқушының анасы жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысындағы мектептердің бірінде болған төбелестен кейін алтыншы сынып оқушысының анасы редакциямызға хабарласып, жанайқайын жеткізді. Айтуынша, ақпараттың бірқатар БАҚ бетінде біржақты таралуы салдарынан бүгінде балалары зардап шегіп отыр. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі болған жайттың анық-қанығын анықтап көрді.

Айта кетсек, бұл оқиға желідегі пабликтердің бірінде төбелестің видеосы таралғаннан кейін көпшілік назарына іліккен болатын.

Пабликке видеоны жолдаған тұрғын бесінші сынып оқушысы алдымен мектеп ішінде, кейін далада соққыға жығылғанын, балаға бір жарым сағат көмек көрсетілмегенін айтып, шара қолдануды сұрайды. Бұл ақпарат бірқатар БАҚ бетінде жарияланып, Алматы облысының әкімдігі зардап шеккен оқушының анасы полицияға шағым түсіргенін растайды.

Осы орайда редакциямызға хабарласқан алтыншы сынып оқушысының анасы бесінші сынып оқушысы соққыға жығылды дегенмен келіспей отырғанын айтуда.

Ақпарат шындыққа жанаспайды

"Бұған дейін БАҚ-та таралған ақпарат мүлде шындыққа жанаспайды. Төбелес далада емес, дәлізде болған. Ұлымның онымен шаруасы жоқ еді, өз бетінше дәлізде кетіп бара жатқан жерінде тез жүре қоймадың деп балағаттап, теуіп жіберген. Ол бұл әрекетіне жауап ретінде ұрып жіберген. Менің ұлым оны әдейі барып ұрып-соқпаған, тек өзі келіп тиіскесін, жауап қайтарған. Мұны өзге оқушылар да көрген. Камераға да бұл сәт жазылып қалған. Ал далада оны ұрып-соқты дегені жалған. Керісінше өзге үш бала менің ұлымды қуып жетіп, далада ұрған, мен бұл туралы мектепке мүлде шағымданған емеспін, тіпті бұл жөнінде ештеңе айтпадым. Мен үшін бастысы - баланың денсаулығы, анасынан сұрасам, маған мүлде жауап бермейді. Мектептен сұрап, халін біліп отырмын", - дейді алтыншы сынып оқушысының анасы.

Оның сөзінше, бұл жайт соққыға жығу емес, арты төбелеске ұласқан жанжал.

"Оқушының анасы төбелесті бірінші болып кім бастағанын анықтамастан, шағым түсіріп отыр. Біз болған жайт туралы ести салысымен, бірден мектепке келдік. Мектеп те дереу шара қабылдады, баланы медициналық пунктке апарып, алғашқы көмек көрсетті. Баланың мұрны қанағасын, мұрнына мұз басып, бірден бәрімізге хабарласты. Учаскелік полицияға да хабар берілді. Біз қалада жұмыс істейміз, күйеуім кептелістің салдарынан бір сағатта келіп жетті. Анасынан кешірім сұрағанымызбен, сөзімізге мүлде құлақ аспады. Баласын алып, ауруханаға кетті. Біз де ауруханаға ілесіп бардық.

Ауруханада да кешірім сұраумен болдық, қанша дегенмен ұл балалар ғой, төбелесіп қалатыны бар. Ол болса, өтінішімізге құлақ аспай, баланы заңмен жазалау керек деумен болды. Біз оған небәрі 11 жастағы баланы заңмен жазалау деген ақылға қонбайтынын айтқанымызбен, ол үлкен ұлымен үш жыл бұрын болған жайтты сөз етіп, келісімге келмеді. Оның үлкен ұлы да төбелестен кейін мұрнын сындырған екен. Ол сол кезде ата-аналары кешірім сұрағанымен, ештеңе бермегенін айтты. Сонда оған қазір не беру керек екенін ұқпадым. Біз өз тарапымыздан материалдық тұрғыда баланың еміне қатысты барлық шығынды көтеретінімізді айттық. Келесі күні ұлым одан кешірім сұрап еді, ол ашуға булығып, балама дөрекі сөздер айтты. Жылап тұрып кешірім сұрағанымызбен, райынан қайтар емес, баламды заңмен жазалауды талап етіп отыр. Қаржылай көмегімізден мүлде бас тартты", - дейді алтыншы сынып оқушысының анасы.

Ал зардап шеккен баланың анасы мәселені сотқа дейін жеткізбей шешуге қарсы екенін алға тартып отыр.

Баламның бүкіл емін көтерсін

"Баламды ауруханадан шығарып алуға барамын. Оған қойылған диагноз - мидың жабық жарақаты, шайқалуы. Арасында балам айтқан нәрсені ұмытып қалып жатыр. Таңертең айтқаным кешке есінде жоқ. Комиссия болады деді. Екінші тараппен мектепте кездескенбіз, олар біресе қорқытады, біресе кешірім сұрайды. Баламның бүкіл емін көтерсін, балам шыққаннан кейін невропатологқа жібереді. Шығынын төлесін деген талап қоямын.

Жалғызбасты анамын, жұмыс та қалды, бәрі қалды. Ол кісілер сотқа жеткізбей, мектепте өзара шеше салайын деді, мен оған келіспедім. Осымен бұл жағдай екінші рет қайталанып тұр. Үлкен баламда да тура осындай жағдай болған. Осылай жедел жәрдем шақырмай, үйге жібере салған. Бұл не деген сұмдық? Ауруханаға бару үшін өзім такси шақырдым. Оған дейін отыр баланың бетіне мұз басып. Жедел жәрдем шақырмаған. Мектептен мұғалім қосып берді қасыма. Екінші жағдай болған соң ренжіп шу шығарып жатырмын", - дейді жәбірленуші баланың анасы.

Мектеп директоры болса, балаға мектеп тарапынан 1,5 сағат көмек көрсетілмеді дегенге келіспейтінін айтып отыр.

Бас-аяғы 30-35 минуттың ішінде болды

"20 қаңтарда кешкі сағат 17.15-те 5-сабақ аяқталып, оқушылар шығып бара жатқан уақыт. 17.20-да 5 сынып оқушысы алдында кетіп бара жатқан 6 сынып оқушысын итерген. Екеуі сөзге келіп қалып, алтыншы сынып оқушысы бесінші сынып оқушысын үш рет жұдырықтап жіберген. Соққы алған оқушы сыртқа шығып отырып қалған мезетте ағылшын пәні мұғалімдері жылдам мектеп медбикесіне апарған.

Оқушының анасын сағат 17.30-да шақырттық, анасы 17.43-те келді. Келе сала сағат 17:56-да аудандық емханаға сынып жетекшісімен бірге баласын алып барды. Алтыншы сынып оқушысының ата-анасы артынан барды. Сол жерден оқушыны жедел рентгенге түсіріп, сынық анықталмағанын білдік. Дегенмен де ми шайқалуы анықталды деп аудандық балалар емханасына апарды.

Алтыншы сынып оқушысының ата-анасы баланы толықтай қаратып, емделуіне бар жағдайды жасайтындарын айтқанымен, зардап шеккен оқушының анасы оны қабылдамады. Дүйсенбі күні оқушының халін білуге сынып жетекшісі, мектеп медбикесі және тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары барып, дәрігерімен сөйлесіп, баланың жағдайы қалыпты екенін біліп қайтты.

Сонда бас-аяғы 30-35 минуттың ішінде болды барлығы. Сол себепті 1,5 сағат мектеп тарапынан көмек көрсетілмеді дегенге келіспеймін", - дейді мектеп директоры.

Алтыншы сынып оқушысының анасы осы орайда желі қолданушылары мен БАҚ өкілдерінен оқиғаның мән-жайы анықталмай жатып, жалған ақпарат таратпауды сұрады.

Ұлым тек өзін қорғады, еш себепсіз өзі бастап төбелес ашқан емес

"Адамдар шындықты білгенін қалаймын. Ұлым тек өзін қорғады, еш себепсіз өзі бастап төбелес ашқан емес. Өзін қорғауды мен қылмыс деп санамаймын. Қазір балалардың бәрінде телефон бар, жаңалықтан хабардар. Желіде тараған жалған ақпаратты бүкіл ауыл біліп отыр.

Бұл жайттан кейін 5-7 сынып оқушылары баламнан кек алып, оны соққыға жыққысы кеп жүргенін естіп қалдым. Бұған қатысты барлық жазба қолымда. Балаларымды онлайн оқытуға көшіруін сұрап, мектепке өтініш білдіретін шығармын. Себебі балаларымның өмірі үшін алаңдап отырмын. Ақпараттың дұрыс берілмеуі кесірінен балаларым зиян шегіп жатыр. Себебі БАҚ-та оқиғаның мән-жайын анықтамай жатып ақпаратты таратып жіберді", - дейді алтыншы сынып оқушысының анасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007352-balalarym-ziyan-segip-zatyr-mektep-tobelesine-qatysy-bar-oqusynyn-anasy-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel