"Елім Албан": атқа мініп, көкпар тартқан неміс баласы көпті сүйсінтті
Жарияланған күні:
Қазақстандық фотограф Ернар Алмабек әлеуметтік желідегі парақшасында 14 жастағы неміс баласының атқа мініп, көкпар тартып жүрген сәтінен видео жариялады. Видеоны көрген желі қолданушылары қазақ тілінде еркін сөйлеп тұрған өзге ұлт өкілін көріп, жылы лебіздерін жазуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Фотограф Ернар Алмабек әдетте өзінің Instagram парақшасында еліміздің түкпір-түкпіріне саяхаттап жүрген кезінде қарапайым ауыл тұрғындарын әңгімеге тартып, тілдескен сәтінен видеолар жариялап тұрады.
Солардың бірі - ұлты неміс 14 жастағы Николай. Фотографтың сөзінше, бастапқыда ол жеткіншектің неміс ұлтынан екенін білмеген.
"Балалар ауыл маңында көкпар тартып жатқан. Көрейік деп тоқтағанымыз сол, көптің ішінен біреуі шауып келіп су сұрады. Өзі сап-сары. Басында онысына мән бермедім де. "Атым Николай" дегенде сасқанымнан "Ұлтың кім?" деппін ғой. Сөйтсем, Николайым неміс екен. Жасы 14-те. Қазақ мектебінде оқиды. Елім Албан ішінде Жәнібек дейді", - деп жазды Ернар Алмабек.
Желі қолданушылары аталған бейнежазбаға сүйсініп, түрлі пікірлерін жазуда.
"Біздің Никоша ғой! Жарайсың! Аттың құлағында ойнайтыны рас! Жәнібек екені де рас!", "Николай дегенге марқұм апамыз тілі келмей, Нұрсұлтан деп атайтын еді. Атасына жаны ашып бар тірлікті осы Никошам істейді. Өзі кішкентай кезінен атасының жанында жүріп Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап көптеген жарысқа қатысқан", "Ұлты неміс болса да, тәрбиесі қазақша", "Қазақтын сары баласы", "Нағыз қазақ, жарайсың Николай", "Қазаққа қатысы бар-ау! Сөйлеу мәнері, дыбыстарды айтуды, екпін қоюы мұншалықты қазақша болуы бекер емес", "Албан ішінде Сарымын десе, сеніп қалар едік. Нағашысы қазақ сияқты", - деп жазды желідегілер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007398-elim-alban-atqa-minip-kokpar-tartqan-nemis-balasy-kopti-suisintti-video/