Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Психолог: Ата-ана ажырасса да, баламен қарым-қатынас үзілмеуі керек

Опубликовано:

Балалар
Балалар. Көрнекі фото: pixabay.com

Ажырасу баланың психикасына қалай әсер етеді? Ата-ана ажырасатын болса, баланың психологиясына кері әсер етпеуі үшін қандай қадамдар жасауға тиіс? Психолог, психоаналитик Зүбайда Кененбаева ажырасудың бала психикасына теріс әсер етпеу үшін көпшілік көңіліндегі сауалдарға жауап беріп, бірқатар кеңесін бөлісті, деп жазады BAQ.KZ.

"Ажырасудың бала психологиясына кері әсері жайлы айту қиын. Өйткені әр отбасын жеке-жеке қарастыру керек. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық фактілері тіркелсе немесе ата-ананың бірі араққа, есірткіге тәуелді болса, онда мұндай отбасыдан баланы құтқару қажет. Себебі мұндай отбасында баланың психикасы бұзылады.

Ал ерлі-зайыпты өз арасында бір мәселелер бойынша келісе алмай, бір-бірін түсіне алмай ажырасу туралы шешім қабылдаса, онда баланы алдын ала дайындаған жөн. Мұндай жағдайда балаға "Біз ажырасқалы жатырмыз, бірақ оның саған түк те қатысы жоқ. Біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз, үлкендер арасында осындай жайттар болады. Біз сенің әке-шешең болып қала береміз" дегендей түсінідіріп айту керек", - деді маман.

Психолог ажырасу барысында баланы соттағы мәселелерге да араластырмаған жөн екенін атап өтті.

"Сонымен қоса баланы ұрыс-керіске, соттағы мәселелерге араластырмаған жөн. Өйткені бала үшін әке мен шешенің орны бөлек, ол екеуін де бірдей жақсы көреді. Алайда бір мәселе бар, мысалы: ажырасып кеткеннен кейін бөлек тұратын әкесі немесе анасы баламен қарым-қатынасын үзіп кетеді. Мұндай жағдайлар көп емес, бірақ кездесіп жатады. Міне, осындай жайттар балаға қатты әсер етеді. Сондықтан да ата-ана ажырасып кетсе де, баламен қарым-қатынас үзілмеуі тиіс. Онымен жүйелі түрде кездесіп тұрғаны жөн.

Аптаның қай күні кездесу үшін белгіленді, сол күні тұрақты түрде жүздесіп, кездесу ұйымдастыру керек. Аспан айналып, жерге түссе де, сол келісілген уақытта баланың жанынан табылуы керек. Сол сәтте балада "қандай жағдай болмасын, олар менің жанымда болады" деген ой, сенім қалыптасады. Ал егерде кездесу белгіленген уақытта келмей, "келем" деп алып, жоғалып кетсе, оның үстіне жиі өтірік айтатын болса, бала да соған бейімделеді.

Бұл оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сөйтіп өзі де үйленіп не тұрмысқа шыққан кезде, оған сондай адамдар жолығады. Өйткені оның психологиясы солай қалыптасты. Сондықтан да өзінің әке-шешесіне ұқсайтын адамдарды тартып тұрады", - деді психолог Зүбайда Кененбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007434-psixolog-ata-ana-azyrassa-da-balamen-qarym-qatynas-uzilmeui-kerek/

pixel