Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарда жүретін көлік қағып көз жұмған ақтөбелік мұғалімнің артында үш баласы қалды

Опубликовано:

Мұғалім
Самал Байдәулетова. Фото: Диапазон

Ақтөбеде өткен демалыс күні қарда жүретін көлік қағып, көз жұмған келіншек мұғалім болып жұмыс істеген. Марқұмның артында үш кішкентай баласы қалды. Бұл туралы Диапазон басылымына марқұмның мектептегі әріптестері айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

40 жастағы Самал Байдәулетованы жақындары 30 қаңтарда жер қойнына тапсырды.

Қазір мұғалім жұмыс істеген мектепте оның портреті қойылған, оқушылар оған өз қолымен жасаған гүлін әкеп қойып, сүйікті ұстазына жазба арнауда.

Мектеп директоры Эльвира Ғалымованың басылымға айтуынша, Самал Байдәулетова жуырда ғана, қаңтардың 9-ы күні декреттік демалыстан жұмысқа шыққан. Содан бері небәрі екі апта жұмыс істеген.

27 қаңтарда ол әріптестеріне отбасымен және достарымен қала сыртына демалуға бара жатқанын айтқан. Ал келесі күні оларға мұғалімнің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті.

Келіншектің желтоқсанда ғана 1 жасқа толған ұлы көлік қаққанда оның қолында, көрпеге оралған күйде болыпты. Сәбидің аман қалуына ол да себеп болуы мүмкін. Бала бас ми жарақатымен ауруханаға жатқызылған.

"Самал Жұмағазықызы мектебімізде 2016 жылдан бері жұмыс істейді, содан бері достық қарым-қатынаста болдық. Ол өте әдепті және жауапкершілігі мол адам еді. Балалары мен оқушылары үшін алаңдайтын. Екі қызы бар, үлкені 3-сыныпта оқиды, екіншісі мектепке енді барады. Сол күні демалыс орнында Самал күйеуімен бірге болған.

Олар төбеде қалғандықтан жарақат алмаған, Самал мен ұлы төменде болған. Ол осы ұлын қатты қалап дүниеге әкелді. Ол туғанда біз қатты қуандық. Әрине, оған оңай болған жоқ. Үш жыл бұрын анасы, содан кейін ағасы қайтыс болды, бірақ сонда да позитивті болуға тырысып, әрқашан отбасына қамқорлық жасап жүретін. Қайын атасымен бірге тұрды, келін ретінде оған өте жақсы қарады", - дейді әріптесі Ақалтын Машар.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде демалыс базасының аумағында қарда жүретін көлік бір топ адамды қағып кеткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007551-qarda-zuretin-kolik-qagyp-koz-zumgan-aqtobelik-mugalimnin-artynda-us-balasy-qaldy/