"Шынымды айтсам, таң қалдым": Тоқаевтан алғыс хат алған 73 жастағы қарағандылық спорт ардагері қуанышын бөлісті (фото)
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы Шет ауданының 73 жастағы тұрғыны Дәрібай Оспановқа спорттағы жетістіктерін бағалап, алғыс хат жолдаған. Президенттің алғыс хатын зейнеткерге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыстады, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі ресми сайтында.
Облыс басшысы спорт ардагеріне мемлекет басшысының алғыс хатынан бөлек, сағат және Бурабайдағы демалыс үйіне жолдама табыс еткен.
Ал облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ақсақалға спорттық құрал-жабдықтар сертификатын табыстаған.
Дәрібай Оспановтың өзі мұндай тосын сыйды күтпегенін айтады.
"Мен керемет әсер алдым. Шынымды айтсам, біздің президент қарапайым адамдардың өмірін бақылап отырғанына таң қалдым. Менің көп жылғы еңбегімді Қасым-Жомарт Тоқаев байқағаны өте қуанышты. Біз ұлдарымызбен бірге бүкіл елдің үмітін ақтауға тырысамыз", – дейді қуанышын бөліскен Дәрібай Оспанов.
Айта кетейік, Дәрібай Оспанов 1949 жылы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ата-анасының ізін басып, бүкіл өмірін теміржолға арнаған. Десе де, спортпен жас кезінен айналысқан ақасақал соңғы 18 жылда пауэрлифтингке қатты қызығушылық танытқан.
Нәтижесінде пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін, Азия мен әлемнің екі дүркін чемпионы атанған. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Дәрібай Оспанов үш бала тәрбиелеп, олардың барлығында спортқа баулыған. Кенже ұлы Қараманды 13 жасынан бастап өзі жаттықтырған. Қараман Оспанов қазір Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Әкімдік Қараман Оспанов жарыстарда өнер көрсетіп қана қоймай, қазіргі таңда туған ауылы Ағадырда балаларды жаттықтырып жүргенін атап өтті.
Ақсақалдың үлкен ұлы Алмаз Оспанов та халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы болып шықты. Ортаңғы ұлы – Манас Оспанов та спорт шебері атанған.
Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтындарын айтады. Ол қазір ұлдарымен бірге биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға дайындалуда.
"Қазан айында Моңғолиядағы әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға барамыз", - дейді Дәрібай Оспанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007671-synymdy-aitsam-tan-qaldym-toqaevtan-algys-xat-algan-73-zastagy-qaragandylyq-sport-ardageri-quanysyn-bolisti-foto/