Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"7 жасар ұлым қорлық көріп келген": атыраулық ана баласына қайынағасының айуандық жасағанын айтты

Жарияланған күні:

Атырау
Атыраулық келіншек журналистерге болған жайтты баяндау үстінде. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Атыраулық әйел бірінші некеден туған 7 жасар ұлының жаңа отбасында ұзақ уақыт бойы жыныстық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтады. Оның сөзінше, күйеуі мен оның туыстары өзіне де қысым көрсеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Келіншектің айтуынша, ол өзі бұл отбасыға 2021 жылы 6 жастағы баласымен бірге келін болып түскен.

"Бастапқыда балам көкесінің, яғни, күйеуімнің ағасы қыз сияқты сүйетінін айтып, олай жасамауын айтшы деп сұрап жүрді. Қазақтың дәстүрі деп баламыз өсіп келе жатқасын төсегін ер адамдармен бірге салып беретінбіз. Бір бөлмеде қайнағамның қасында ұйықтайтын", - дейді анасы.

Алайда қайын ағасы сабырлы жігіт болғандықтан, бір жағынан өзі әулеттің жаңа келген келіні болған соң, келіншек әдеп сақтап, күйзелісін біраз күн ішке сақтап жүрген.

"Бір күні шай үстінде енемнің көзінше қайынағама шай құйып отырып, балама неге ондай қылық жасап жүргенін сұрадым. Ол өзінің балажан екенін айтып ақталды. Ал енем ұлын жақтап, "келесіде ондай сөз айтушы болма" деп ұрсып тастады. Одан кейін де қайынағама бірнеше рет ескерту жасадым", - дейді әйел.

Әйелдің айтуынша, түн ортасында баласының шыңғырған дауысы жиі естілетін болған. Бірақ қайынағасының бөлмесіне кіруге бата алмаған.

"Баламның түн ортасында жан дауысы шығып, шыңғыратыны жиілеген соң бір күні түнде көз ілмей жатып, балам шыңғырған сәтте жүгіріп бардым. Осы кезде қайынағам жартылай жалаңаш күйде, ал балам дірілдеп отырғанын көзім көрді. Ұлымның көзінен бірдеңе айтқысы келгенін сезіп, одан не болып жатқанын сұрағанда "балажан" қайын ағам қатты дауыспен "тек шындықты айт" деп балаға басын шайқап, дауыс көтерді. Мен мұның бәрін ішіме сақтай алмай өзімнің анама да айттым. Бірақ ол маған сенбей, ұят болады деп тоқтатты", - дейді келіншек.

Осы жайттан кейін келіншек жолдасынан және оның туыстарынан жиі қысым көргенін айтады.

"Күйеуім ұялы телефонымды да сындырып тастады. Қолымдағы ақшамның бәрін өздері алып отырды. Үйдегі маған жасалған қысымнан кейін балам көкесі туралы мүлдем ештеңе айтпайтын болды. Бірде енем мен күйеуім және ағасы үшеуі қосылып мені соққыға жықты. Сол кезде ең алғаш рет 2021 жылдың қазан айында полицияға хабарласып арыз бердім. Ал 2022 жылдың маусым айында ол үйден мүлдем кетіп қалдым. Бөлек шыққаннан кейін балама енді өмірімізде ол үйге бармайтынымызды айтып сендірдім. Содан кейін балам мен күйеуіммен бірге жатын бөлмеде болғанда қайынағам не істейтінін айтып, ашыла бастады. Бар мән-жайды айтып берді. Түнде айқайлағанын естіртпеу үшін аузын қолымен жауып, айуандығын жасаған. Оны есту маған өте ауыр болды", - дейді келіншек.

Баланың анасы полицияға арыз берген. Ол тергеудің ашық әрі әділ жүргізілгенін қалайды.

"Мен тергеудің барлығы ашық болғанын қалаймын. Заңды түрде тергелсін. Балам сағат түнгі 3-4 терде тәтті ұйқыда жатудың орнына бір жыл бойы түнімен осындай қорлық көріп келген", - деп аяқтады сөзін келіншек.

Атырау облысы полиция департаменті бұл іс бойынша пікір білдірді.

"Аталған факті бойынша Тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007695-7-zasar-ulym-qorlyq-korip-kelgen-atyraulyq-ana-balasyna-qaiynagasynyn-aiuandyq-zasaganyn-aitty/