Ақтөбеде қаңтар оқиғасына қатысқандардың бірі 15 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар оқиғасына қатысқан 18 адамға сот үкім шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбеде қаңтар оқиғасынан соң қозғалған қылмыстық іс "Жаппай тәртіпсіздік", "Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық", "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" баптары бойынша қаралды.
18 адамға қатысты сот үкімі оқылған залда ине шаншар орын болған жоқ.
Сот үкімімен екі айыпталушы қамауда қалды. Оның бірі Н. Исаев 15 жылға, Д.Қами 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Н. Исаев Қылмыстық кодекстің 380-1-бабы 2-бөлігі 1, 5 тармақтары және 272-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Судья сотталушының адамдарды көлігімен қағып, бірнеше полиция қызметкерін жарақаттауы қылмысын ауырлатқан жағдай деп түсіндірді. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтейді.
Өз кезегінде Н.Исаев сот үкімімен келіспейтінін жеткізді.
Айыпталушылардың арасында жаппай тәртіпсіздікке қатысты тағылған айып бойынша құқықбұзушылық анықталмай, ақталғандар бар. Ал кейбірі жазасын өтеу мерзімі қамауға алған күндерімен есептеліп, сот залынан босталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күнде апелляциялық шағым түсіре алады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007702-aqtobede-qantar-oqigasyna-qatysqandardyn-biri-15-zyl-bas-bostandygynan-aiyryldy/