Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Жарияланған күні:

Түркістан облысындағы су басқан аумақта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар
Түркістан облысындағы су басқан аумақта жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. Фото: https://t.me/qr_tjm

Түркістан облысындағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл жайлы бүгін су басқан өңірге барған төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Қазір төрт аудандағы 234 ауланы сел шайған, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Арна мәліметінше, суға кеткен ірі-қараның саны да анықталған. Қазір су басқан 234 аулада құрғату жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қызыл судың жолын жабу үшін бөгендер салынып жатыр. Ал сел жүргенде үдере көшкен тұрғындар үйіне қайта оралған.

"Шардара су қоймасын былтырмен салыстырғанда, миллиард текшеметрге су көп. Жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард болса, қазірдің өзінде қоймада 4,5 миллиард текше метр су бар. Егер жауын-шашын болса, Шардараның суын Сырдарияға ағызуға мәжбүр боламыз. Яғни көрші Қызылорда облысына да қауіп төнуі мүмкін", - деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Арна мәліметінше, өңірдегі Арыс, Сауран мен Бәйдібек аудандарында су сору жұмысы әлі  жүргізіліп жатыр. Бәйдібек ауданында 36 ірі қара суға кеткен. 800-ге жуық мал әлі қауіпсіз жерде тұр. Тасқынның астында қалған төрт ауданда қауіп сейілгенімен, енді қауіп таулы аймақтардағы аудандарға төнуі мүмкін.

"Облыс аумағында әлі қауіп бар деп есептейміз. Себебі, таулы аймақтарда, Төлеби ауданында, Қазығұрт ауданында әлі қар жатыр. Жаңбыр жауса, төтенше жағдай орнауы мүмкін", - деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008010-turkistan-oblysynda-totense-zagdai-zariyalanuy-mumkin/