"Үй алу үшін ажырасу керек": Белгілі меценат еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды сынға алды
Жарияланған күні:
Белгілі меценат әрі бизнесмен Көңілбай Шүкенов еліміздегі мемлекеттік бағдарламаларды сынға алды. Кәсіпкердің айтуынша, қазір жеңілдікпен үй алу үшін қағаз жүзінде ажырасып жатқандар бар, деп жазады Qazaq Today сайты.
"Халыққа арналған пайызсыз үй немесе пайызсыз көлік алу деген бірнеше жобаны шығардық. Бір адам үй, автокөлік алып жатса, мен өзім балаша қуанамын. Өз жобамның авторы ретінде айтар болсам, қандай қиындық болса да ажыраспаған, махаббаттарына берік отбасыларға үй беру. Сөзбен айтып қана қоймай, орындадық, бердік. Осындай отбасылардың қазақ елінде бар екенін мақтанышпен насихаттап және оны үлгі етіп көрсету.
Бізде отбасылық институттар ақсап жатыр. Адамдар материалдық тұрғыдан ажырасып кетуде. Сан түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Олардың біразының саясаты дұрыс емес.Мысалы, 2 пайыздық несиемен үй береді. Бірақ банкке барып, әкімдікке сандалып, кезекке тұру керек. Олар кезекке тұрып келеді, алғашқы жарнасын да төлеп келеді, тағыда толып жатқан құжаттарды өткізеді. Ең артынан: "біз жағдайы жоқ, толық емес отбысына береміз" дейді. Содан адамдар амалсыз, "толық емес" деген мәртебені алу үшін құжат жүзінде ажырасады. Көпбалалы бола тұра, ажырасу керек. Сонда үйді он, он бес жылға несиеге алу үшін ажырасып кету керек. Не деген бағдаралма бұл?", - деді меценат.
Сондай-ақ Шүкенов көптеген адамның өмірі несие төлеумен өтіп жатқанын айтты.
"Біз қазіргі уақытта ақша тауып, банктерді байыту үшін өмір сүріп жатырмыз. Мен дүниеге ақша тауып, нәсие төлеу үшін келген жоқпын. Қазақтар дүниеге несие төлеу үшін келген сияқты. Ол мақсатқа барар жолдағы құрал ғана. Басқа пайдасы жоқ. Біз ақшаны табу үшін, дүниедегі ең қымбат 8 сағат уақытымызды жібереміз. 8 сағат уақыт - сіздің дүниедегі ең қымбат уақытыңыз. Таңертеңнен кешке дейінгі уақыт. Сол уақытыңызды сіз ақша табуға жұмсадыңыз дейік. Айдың соңында айлық аласыз.
Бірақ жалақыңыз үй мен көлік алуға жетпейді. Неге? Өйткені сізге жетпейтіндей қылып есептеп қойған. Сіз несиеге кіруіңіз керек. Банкке барып несиемен үй алғаннан кейін, жасыңыз 25-те болса, төлеп біткен кезде 50 жасқа келесіз. Сонда үйді төлеп біткен кезде, жалындаған жастық шағыңыз өтіп кетеді. Одан кейін айнаға қарасаңыз сіз мүлде басқа адамды көресіз. Біз бұл дүниеге несие төлеуге келдік пе? Өмір сүруге келдік пе?", - деп ашынды Шүкенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008062-ui-alu-usin-azyrasu-kerek-belgili-mecenat-elimizdegi-memlekettik-bagdarlamalardy-synga-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.