Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүргізушіге күш қолданған": астаналық полицейлердің әрекеті желіде талқыға түсті

Опубликовано:

Полицейдің жүргізушіні ұстау сәті
Полицейдің ер адамды ұстау сәті. Видеодан кадр: Іnstagram.com/kris.p.astana

Әлеуметтік желіде Астанада оқиға куәгері түсірген видео пайда болды. Видеода кадр сыртындағы қыз полицейлердің әрекетін, азаматтарға деген қарым-қатынасын сынға алады. Бұл оқиғаға қатысты елордалық полиция пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видео Instagram-дағы kris.p.astana парақшасында жарияланды. Кадрдың сыртында сөйлеп тұрған бойжеткен полицейлердің әрекетіне наразылық білдірді.

"Құқық қорғау органы қызметкерлерінің азаматтарға деген қарым-қатынасы өте нашар", – деп жазды автор.

Хабарламада полицейлер ұстаған ер адамның бөтен көлікті сырып кеткені айтылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Автордың айтуынша, ұсталған азамат жағдайды түсіндіргісі келгенімен, полицейлер оны күштеп өздерінің көлігіне отырғызбақ болған.

Видеоны көрген желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген: бірі тәртіп сақшыларының әрекетін айыптаса, енді бірі жағдай полицейлерден осындай тәсілді қажет етті деп есептейді.

Елордалық полицейлер бұл жайтқа қатысты пікір білдірді. Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі тәртіп бұзушының мас күйде болғанын және қарсылық көрсеткенін мәлімдеді.

"5 ақпан күні тұрғындардан үй ауласында тұрған көліктің бүлінгені жайлы шағым келіп түсті. Полиция қызметкері келген кезде ер адам мас күйде болған, ол қарсылық көрсетіп, бағынбаған. Құқық бұзушыны ұстау үшін физикалық күш қолданылды", – деп хабарлады қалалық полиция департаментінен.

Ведомство ұсталған азамат Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығына жеткізілгенін, сараптама қорытындысы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008125-zurgizusige-kus-qoldangan-astanalyq-policeilerdin-areketi-zelide-talqyga-tusti/

pixel