Сейсмолог Алматының сейсмологиялық ахуалына қатысты болжамды бөлісті
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Алматының сейсмологиялық ахуалына қатысты жасалған болжамды бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалым БАҚ-қа берген сұхбатында сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отыратынын айтады.
Оның сөзінше, болжам орта және қысқа мерзімді деп екі бөлінеді. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады.
"Бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды дайындалды. Соған сәйкес, алдағы аптада жер сілкінбейді", - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Маман Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты да ойын айтты.
"Түркияда ғана емес, дүниежүзінде жер сілкінісін алдын ала болжау қиын. Әсіресе, қысқа мерзімді жер сілкінісін болжау оңай емес, себебі оны ғылыми тұрғыда зерттеу қажет. Болжауға болатын жекелеген жағдайлар ғана бар, мысалы, Қытайдағы жер сілкінісі. Бірақ тұтастай алғанда, бұл бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған мәселе", - дейді сейсмолог.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік шығысында жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері тағы бірнеше провинцияда, сондай-ақ Сирия мен Ливанда сезілді.
Соңғы мәліметтер бойынша жер сілкінісі салдарынан Түркияда 3381 адам, Сирияда 700-ден аса адам көз жұмған.
Төтенше жағдайға байланысты Түркияда жеті күндік аза тұту күні жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008401-seismolog-bolzam-boiynsa-biyl-almatyda-7-baldan-asatyn-zer-silkinisi-bolmaidy/