"Ақша сұрайтын енеден қашу керек": Дәулет Мұқаев келіннің картасын тартып алатын енелерді сынға алды
Жарияланған күні:
Қаржы сауаттылығы туралы халыққа пайдалы білім беріп жүрген Дәулет Мұқаев "Хабар" арнасындағы АйнаLine бағдарламасына қонақ болды. Ол отбасылық бюджетті дұрыс басқару туралы айтып, ене мен келін, ері мен әйелі арасындағы ақша мәселесіне тоқталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Маған көптеген хат келеді. Олардың арасында мұғалімдер мен басқа саланың мамандары бар. Көпшілігі енесімен тұрады. Енелері картасын тартып алып, пин-кодын сұрап, келіннің ақшасын өзі жаратады. Бірінші кезекте, мұндай енелерден қашу керек. Ажырас деп айтпаймын, бірақ бөлек тұру керек. Әр адамның өз шекарасы, өз аймағы болуы қажет. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірінің шекарасына кіріп кетсе не болады? Соғыс болады. Сол сияқты, отбасында осындай жағдайлар орын алады", - деді Дәулет.
Сондай-ақ белгілі экономист әйел адамдарды өзіне көп алмай, ер адамдарға жауапкершілік артуы керектігін айтты.
"Әйел адамдар отбасындағы барлық жауапкершілікті өзіне алып қояды. Бұл - дұрыс емес. Үйдегі жауапкершілік, ақша табу мәселесі ең бірінші ер адамның мойнына болуы тиіс. "Отбасын мен асыраймын, ақшаны мен табамын" деген жауапкершілікті ер адам бірінші орынға қоюы тиіс.
Әйел адам - нәзіктіктің құралы, ұмытпау керек. Сондай-ақ жұмыс істемейтін еркектер бар. Ондай еркектерден де қашу керек. Қыз бен жігіт кездесіп жүргенде, жігіттің ептілігіне, пысықтығына қарау керек. Мұндай адам отбасын ешқашан аш қалдырмайды", - дейді Дәулет Мұқаев.
Айта кетелік, бұған дейін енесіне жалақысын бергісі келмеген келіншектің алты айдан соң ажырасып кеткенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008518-aqsa-suraityn-eneden-qasu-kerek-daulet-muqaev-kelinnin-kartockasyn-tartyp-alatyn-enelerdi-synga-aldy/